Қазақстан мен Ұлыбритания арасында әуе рейстерінің саны артады

26 Мамыр 2023, 11:44 1089

Лондонда Қазақстан мен Ұлыбританияның авиациялық билігі арасында келіссөздер өтіп, екі ел арасында әуе рейстерінің санын арттыру туралы келісімге келді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі 

Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, кездесу барысында «Эйр Астана» авиакомпаниясына ағымдағы жылдың 15 маусымына дейін уақытша негізде аптасына 5 рейс жиілігімен Алматы – Лондон – Алматы бағыты бойынша тікелей рейстерді орындауға рұқсат етілді.

Келіссөздер нәтижесінде екі ел арасындағы құқықтық база нығайтылып, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы рұқсат етілген рейстер саны артты:

- Астана қаласы мен Ұлыбританиядағы кез келген пункт арасында аптасына 7 ретке дейін;

- Алматы қаласы мен Ұлыбританиядағы кез келген пункт арасында аптасына 7 ретке дейін;

- Қазақстанда енгізілген «ашық аспан» режиміне сәйкес ауа еркіндігінің 5 дәрежесін қоса алғанда, тұрақты емес негізде аптасына 7 жүк рейсіне дейін.

Қол жеткізілген уағдаластықтар негізінде «Эйр Астана» әуекомпаниясы жыл соңына дейін Лондонға орындалатын рейстер санын аптасына 7 рейске дейін арттыруды жоспарлап отыр. Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы рейстер санының артуы елдер арасындағы туристік, мәдени, инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты дамытуды жеделдетуге мүмкіндік береді, - делінген Азаматтық авиация комитеті таратқан мәліметте.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: