Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда көлемі артпақ

30 Қазан 2022, 03:38 1893

Биыл Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің өзара жоспарлы тауар айналым көлемі 14 млрд доллардан асады

Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда көлемін 5-тен 10 млрд долларға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды El.kz.

Айта кетейік, Алматыда Ислам елдерінің стандарттары мен метрологиясы институты (SMIIC) метрологиялық кеңесінің 11-ші отырысы өтіп жатыр. Отырыста 35 елден келген делегаттар метрология, техникалық реттеу және халал индустриясы мәселелерін талқылады.

«Осы мақсатта біз бүгін ҚазСтандартпен уағдаластықтарды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойдық. Онда негізгі міндет жалпы өлшеу эталондарын белгілеу және стандартты үлгілердің неғұрлым талап етілетін түрлерінің бірлескен өндірісін құру болып табылады. Бұл екі елдің өндірушілеріне өз өнімдерін экспорттауға көмектеседі. Осының нәтижесінде Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда көлемін 5-тен 10 млрд долларға дейін жеткізу жоспарланып отыр», - деп мәлім етті «Tubitak Ume» Түркия метрология институтының бас директоры Мустафа Четинташ.

Қазақстан стандарттау және метрология институтының бас директоры Ғабит Мұхамбетовтың айтуынша, биыл Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің өзара жоспарлы тауар айналым көлемі 14 млрд доллардан асады.

«Қазақстанның SMIIC-ке қатысуы және осы кездесуге төрағалық етуі Азия мен Еуропаны біріктіретін, әлемдік аренада өзара тиімді ынтымақтастық алгоритмдерін құратын еуразиялық хабқа айналып келе жатқанын айғақтайды. Халал индустриясы әлемдік экономикадағы қарқынды дамып келе жатқан трендтердің бірі. Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдерінің 2022 жылға арналған тауар айналымының көлемі 14 млрд доллардан асады. Халал өнімдерінің әлеуеті азық-түлік саласынан басқа ауыл шаруашылығы, фармацевтика, косметика, тоқыма және аяқ киім өнеркәсібін де қамтиды», - деді Ғабит Мұхамбетов.

EL.KZ
Бөлісу: