Қазақстан мен Түрікменстан берік әрі үйлесімді байланыс құра білді – Тоқаев

10 Қазан, 17:14 390

Мемлекет басшысы Түрікменстан президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапарын ортақ мақсатқа қол жеткізу, яғни санқырлы мемлекетаралық байланысты мүлдем жаңа деңгейге көтеру жолындағы маңызды қадам деп атады.

 Қазақстан мен Түрікменстан ғасырлар бойы жалғасқан достыққа, тату көршілік қарым-қатынасқа және ортақ мәдени, тарихи құндылықтарға арқа сүйей отырып, бауырлас мемлекеттер ретінде берік әрі үйлесімді байланыс құра білді. Біздің осынау ынтымақтастығымыз стратегиялық серіктестік бағытында дамып келеді, – деді президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы жылдары сауда-экономикалық ынтымақтастықта айтарлықтай ілгерілеу бар. Сонымен қатар Қазақстан Түрікменстанға экспорттың жалпы көлемін 80 тауар түрі бойынша 120 миллион долларға дейін ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді.

Президент екі елдің іскер топтары арасындағы байланысқа қолдау көрсетудің маңызына тоқталды.

Маған баяндалған мәліметке сәйкес, шағын және орта бизнес инвестициялық әлеуетке ие екенін көрсетіп отыр. Былтыр Қазақстан компанияларының Түрікменстанға бизнес туры ұйымдастырылды. Осы орайда Қазақ-түрікмен іскерлік кеңесі алаңында кәсіпкерлердің белсенділігін ынталандыру аса маңызды. Іскерлік орта негізгі қозғаушы күшке айналуы керек. Екі елдің ірі коммерциялық және ұлттық компанияларының күш-жігерін өнеркәсіп, құрылыс, логистика, байланыс және экономиканың басқа да салаларындағы нақты жобаларды іске асыруға жұмылдырған жөн деп санаймын. Бүгін қол қойылатын Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісім бұл үдеріске тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастардың дәйекті түрде дамып келе жатқанын, сондай-ақ жоғары білім саласындағы ынтымақтастықтың келешегі кемел екенін жеткізді. Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдаланып, туысқан түрікмен халқын әйгілі ақын Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойымен құттықтады. 

Сердар Бердімұхамедов Қазақстан президентінің Түрікменстанға сапары екіжақты ықпалдастықты кеңейту тұрғысынан маңызды деп санайды.

Қазақстан Президентінің ресми сапары елдеріміз арасындағы тату көршілік пен тығыз әріптестік байланыстарды одан әрі нығайтуға, серіктес салалардағы өзара ықпалдастықты кеңейтуге, перспективті бағыттарды дамытуға оң әсер етеді. Қазақ-түрікмен қарым-қатынасы ғасырлар қойнауынан тамыр тартады. Осы уақыт ішінде шынайы бауырластық байланыс қалыптасты. Қос мемлекет пен халықтарымызды географиялық орналасуы ғана емес, біртұтас тарихи тағдырластықты сезінуі мен бір-біріне қажет екенін түсінуі біріктіреді. Біз ортақ құндылықтарымызды қастерлейміз, бабалардан мұраға қалған дәстүрімізді құрметтейміз әрі мұқият сақтаймыз, – деді Сердар Бердімұхамедов.

Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен болашағы талқыланды. Газ саласындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыру, өзара сауда мен екі елдің аумағы арқылы тасымалданатын жүк көлемін жүйелі түрде арттыру, сондай-ақ өңіраралық ықпалдастықты жандандыру мәселелеріне айрықша мән берілді.

EL.KZ
Бөлісу: