Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің орынбасары Әлібек Бақаев Таиланд Корольдігінің жаңа тағайындалған Елшісі Пияпин Нийомреркстің сенім грамоталарының көшірмесін қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ә. Бақаев тай дипломатын тағайындалуымен құттықтап, оның қызметі екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді. Кездесу барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың қазіргі жағдайы мен келешегін талқылады.
Сонымен қатар сұхбаттастар БҰҰ, АӨСШК және басқа халықаралық алаңдар шеңберінде көпжақты форматтағы тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға дайындықтарын білдірді.
Өз тарапынан Елші П. Нийомреркс Қазақстан мен Таиланд арасындағы әріптестікті одан әрі нығайту үшін барлық күш-жігерін жұмсауға әзірлігін растады. Кездесудің соңында тараптар өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыттар бойынша байланыстарды сақтауға және ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.