Қазақстан мен Ресей вице-премьерлері ауыл шаруашылығы мәселелерін талқылады

3 Қараша, 05:26 403

Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен РФ Үкіметі төрағасының  орынбасары Алексей Оверчук ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді. Кездесуде екі елдің ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының отырысында көтерілген талқылаулар жалғасты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

АШМ мәліметінше, тараптар ақпараттық жүйелердің өсімдіктер карантині саласындағы электрондық ветеринариялық құжаттармен және деректермен алмасуға дайындығын растады. Енді ЕЭК тарапынан қазақстандық АЖ-ны мемлекетаралық тестілеу кезеңі күтіп тұр. Осы рәсімдер сәтті аяқталғаннан кейін және қазақстандық және ресейлік ақпараттық жүйелерді интеграциялағаннан кейін қатысушылар бақылаудағы жүктерді әкелуге, әкетуге және транзитке арналған рұқсаттардың бірыңғай дерекқорына, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруді, қайта өңдеуді және сақтауды жүзеге асыратын ұйымдар мен тұлғалардың тізіліміне онлайн режимінде қол жеткізе алады. Бұл өсімдік және мал шаруашылығы өнімдері бойынша экспорттық-импорттық операцияларды тасымалдауды едәуір жеңілдетеді және жеделдетеді.

Қазақстан тарапы жақын арада Ресей Федерациясының тағы 16 өңірінен Қазақстан арқылы шошқа етін әкелуге және транзиттеуге шектеулерді алып тастауға дайын екендігі туралы хабарлады. Осы өңірлердің қауіпсіздігі тиісті зерттеулердің нәтижелерімен және қажетті уақыт мерзімдерінің аяқталуымен расталады. Естеріңізге сала кетейік, биылғы қаңтар айынан бастап РФ 43 аймағының аумағынан шошқа етін әкелуге және транзиттеуге шектеулер алынып тасталды. Сондай-ақ кездесуге қатысушылар Қазақстаннан Ресейге ауыл шаруашылығы өнімдерінің жекелеген түрлерін әкелуге Россельхознадзордың шектеулері бойынша жағдайды талқылады. Тараптар осы шектеулерді тез арада реттеу және алып тастау мүмкіндіктері туралы ұсыныстармен алмасты, оларды екі елдің салалық ведомстволарының мамандары нақты қарайтын болады. 

Тараптар өткізілген келіссөздердің қорытындысын шығару үшін тағы бір кездесу өткізуге келісті.

Зарина Арман
Бөлісу: