Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық артып келеді

Бүгiн, 14:15 109

Қазақстан мен Ресей – ұзақ жылдар бойы тығыз экономикалық және географиялық байланыс орнатқан көршілес елдер. Әсіресе, инфрақұрылымдық даму саласындағы әріптестік екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың маңызды бөлігіне айналған. El.kz ақпарат агенттігі Қазақстан мен Ресейдің инфрақұрылымдық жобалардағы өзара әрекеті, оның экономикалық маңызы мен болашақ мүмкіндіктеріне шолу жасады.

Көлік және логистика 

Қазақстан мен Ресей құрлық арқылы да, теңіз арқылы да шектеседі. 7 598,8 шақырымды құрайды. Теңіз шекарасы өте қысқа – 85,8 шақырым. Ол Ресейдің 10 облысы арқылы өтеді.

Қазақстан мен Ресей арасындағы автомобиль жолдары екі елдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени байланыстарын дамытуда маңызды рөл атқарады. Бұл жолдар тек екі ел арасындағы сауда мен туризмді дамытуға ғана емес, сонымен қатар Еуразия құрлығын байланыстыратын маңызды көлік дәліздерінің бір бөлігі болып табылады.

Негізгі автомобиль жолдары: «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі.

Бұл дәліз Қазақстан мен Ресей арасындағы ең маңызды көлік жобаларының бірі. Қазақстан аумағы арқылы өтетін бұл жоба Ресейдің Орынбор облысымен түйісіп, Мәскеу мен Санкт-Петербург арқылы Еуропа елдеріне шығады. Жобаның мақсаты – Қытайдан Еуропаға тауарларды жеткізу уақытын қысқартып, тасымалдаудың жылдам әрі тиімді бағытын ұсыну.

Халықаралық транзит Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау уақытын 45 күннен 10-15 күнге дейін қысқарту. Жолдың Қазақстан аумағындағы ұзындығы – 2787 шақырым, ал Ресейдегі бөлігі Мәскеуге дейін созылады. Бұл дәліз арқылы жүк тасымалына сұраныс жыл сайын артып келеді.

Сонымен қатар Қазақстан арқылы өтетін «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі Ресей, Иран және басқа да елдерді байланыстыратын бұл дәліз Еуропадан Үндістан мен Таяу Шығысқа жүктерді тасымалдаудың тиімді жолын ұсынады. Сонымени қоса Қазақстанның Ақтау және Құрық порттары арқылы жүк тасымалы Ресейдің Астрахань, Орынбор және басқа да қалаларымен байланысады.

Көлік форумында қазақстандық тарап «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі арқылы барлық жүк түрлерінің транзитіне 50% дейін жеңілдік жариялады, Ресей, Түрікменстан, Иранмен бірге дәліздің шығыс тармағының әлеуетін дамыту жөніндегі жол картасына қол қойды. «Солтүстік-Оңтүстік» шығыс тармағын дамытуға бағытталған ЕАЭО үшін басым жобалар аясында интеграциялық инфрақұрылым жобаларын ресейлік әріптестермен бірге іске асырамыз. Жалпы, біздің елдер арасындағы өнеркәсіптік кооперация жақсы дамып келеді, бұл – жалпы сомасы 26,4 млрд доллар құрайтын 136 жоба. 38 бірлескен жоба сәтті жүзеге асырылды, қазір жалпы құны 1,9 млрд долларды құрайтын 28 жоба жұмыс барысында, – деді вице-премьер Серік Жұманғарин елордада өткен Қазақстан-Ресей үкіметаралық комитетінің XXV отырысында.  

Теміржол дәліздері:  Қазақстан темір жолының ұзындығы 15 мың км-ден асады. Қазақстанның теміржол жүйесін көршілес елдермен 16 темір жол торабы байланыстырады. Олардың 11-і Ресеймен, 2-і Өзбекстанмен 1-і Қырғызстанмен және 2-і Қытаймен. Қазақстан мен Ресейдің темір жол жүйелері бір-бірімен тығыз байланысты.

Теңіз порттары: Қазақстан мен Ресей арасындағы теңіз порттары арқылы байланыс екі елдің сауда-экономикалық қарым-қатынасында маңызды рөл атқарады. Каспий теңізі арқылы жүзеге асырылатын тасымалдар, әсіресе экспорт пен импорт көлемін арттыруда және халықаралық сауда жолдарын әртараптандыруда ерекше маңызға ие. Соның ішінде Каспий теңізіндегі негізгі порттар – Ақтау теңіз порты. Ол Қазақстанның негізгі халықаралық сауда порты. Порт мұнай, металл өнімдері және астық тасымалының негізгі орталығына айналды. Әсіресе, Ресейдің Астрахань және Махачкала порттарымен тығыз байланыс орнатқан. Екіншісі – Құрық порты. Бүгінде жаңа логистикалық хаб ретінде қызмет етеді. автокөлік және теміржол арқылы келетін жүктерді теңізге тасымалдау мүмкіндігін арттырды. Үшіншісі – «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінде әсіресе Ресейдің порттарының жүк тасымалы артқан. Сонымен қатар «Бутино» порты арқылы негізінен мұнай-газ өнеркәсібіне қызмет атқаруға бағытталған. 

Сауда-экономикалық байланыс

Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы былтыр 27 млрд долларға жеткен. Биылғы жылдың тоғыз айындағы көрсеткіш өткен жылғымен бірдей. 

Ресей Қазақстанға 20 жылға жуық уақытта 20 млрд доллар көлемінде инвестиция құйған. Бұл ЕАЭО мемлекеттері арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Осы уақыт аралығында Қазақстанның экономикалық одағына мүше мемлекеттермен тауар айналымы шамамен 19 млрд доллар болған. Соның 91 пайызы Ресеймен жасалған сауда-саттық еншісінде. Қазақстан территориясында ресейлік 28 мың кәсіпорын жұмыс істейді. Былтыр тағы 4 мың компания іске қосылған. Қазақстан мен Ресей арасында құны 26 млрд теңге болатын 135 ортақ жоба бар. Оның 28 пайызы іске асқан, ал қалғаны процессте. Барлық жоба сәтті болса, алдағы уақытта тағы 28 жоба ашылады деп жоспарланған.

2023 жылғы мәліметтер бойынша, Қазақстан арқылы Ресейге транзиттік жүк тасымалы көлемі 10 пайыздан астамға өсті. Бұл көрсеткіштің өсуі Еуропа мен Азия арасындағы сауда ағынының ұлғаюына байланысты. 

Қазақстандағы ресейлік ЖЭО

Жыл басында Қазақстан мен Ресей үкіметаралық келісімге қол қойып, Ресей Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмір ЖЭО салу туралы шешім қабылдаған болатын. Оны іске асыратын ресейлік «Интер РАО – Экспорт» ЖШҚ және қазақстандық «Самұрық-Энерго» екені анықталды. 

Қазақстан энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев үш облыс орталығында үш жаңа ЖЭО іске асыру энергетикалық көмірдің мол қорын ескере отырып, олардың одан әрі дамуына қуатты серпін беретінін атап өтті.

Бүгінде көмір ЖЭО құрылысының жол картасы әзірленген. Нысанның құрылыс жұмыстары 2027-2028 жылдары аяқталуы тиіс деп жоспарланған.

«Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов Көкшетау қаласындағы ЖЭО-ның қуаттылығы 240 МВт, Семей және Өскемен қалаларындағы ЖЭО қуаттылығы 360 МВт-ты құрайтынын мәлімдеді. Құрылыс барысында ресейлік негізгі технологияларды қолдану жоспарланған. 

Жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастық

Қазақстан мен Ресей жаңа технологияларды дамыту және енгізу саласында тығыз ынтымақтастық орнатып келеді. Екі ел цифрландыру, инновациялық жүйелер, ІТ, жасанды интеллект (АІ), ғарыш технологиялары және энергетикалық технологиялар сияқты салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыруда. Бұл ынтымақтастық екі елдің экономикалық өсіміне, аймақтық интеграцияға және халықаралық аренадағы позициясын нығайтуға ықпал етеді. Қазақстан мен Ресей цифрлық экономика аясында бірнеше бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруда. Мәселен, екі ел мемлекеттік қызметтерді цифрландыруда тәжірибе алмасып келеді. Соның негізінде Қазақстанның «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы мен Ресейдің «Цифрлық экономика» ұлттық жобасы арасында байланыс орнатылған.

Қазақстан мен Ресей бірлескен ІТ-хабтар құрып, ІТ мамандарын дайындау және стартаптарды дамыту мақсатында бірлескен инкубаторлар мен технологиялық орталықтарды іске асыруда. Атап айтсақ, Ресейдің Иннополис қаласындағы ІТ-хаб пен Қазақстанның Astana Hub орталығы стартаптарды қолдау және ІТ жобаларды бірлесіп дамыту бойынша жұмыс істеуде.

Миражан Махан
Бөлісу: