Қазақстан мен Қытай жасанды интеллект саласында ынтымақтасады

Бүгiн, 02:28 134

Еліміздің Ұлттық ғылым академиясы Қытай ғылым академиясымен (CAS), Чжэцзян технологиялық университетімен (ZJUT) және Қытайдың жоғары технологиялық компаниялар тобымен бірлесіп, Қазақстан-Қытай ғылым және технологияны трансферлеу орталығын ресми түрде ашты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осы ынтымақтастық шеңберінде «Кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект және тұрақты даму жөніндегі халықаралық бірлескен зертхана» құрылды. Бұл зертхана Қазақстан, Қытай және Орталық Азия елдері арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтып, жоғары технологияларды дамытуға жаңа серпін бермек. Оның ішінде:

- Жасанды интеллект пен геоақпараттық жүйелер (ГАЖ) технологияларын пайдалану арқылы су ресурстарын мониторингтеу және басқару.
- Су тасқындары, көшкіндер мен қар көшкіндері сияқты табиғи апаттарға ерте ескерту жүйелерін әзірлеу.
- Қоршаған орта өзгерістерін болжау үшін кеңістіктік-уақыттық деректерді талдау.
- Энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану үшін интеллектуалды энергия тарату жүйелерін дамыту.
- Ауыл шаруашылығын цифрландыру және «ақылды егіншілік» технологияларын енгізу.

Қазақстан үшін артықшылықтары ретінде:

- Қазақстан ғылыми зерттеулер мен технологиялық әзірлемелерде алдыңғы қатарға шығады.
- Халықаралық ғылыми жетістіктерді ұлттық тұрақты даму жүйесіне енгізеді.
- Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы отандық мамандардың біліктілігін арттырады.
- Әлемнің жетекші ғылыми орталықтарымен ынтымақтастықты кеңейтеді.
- Табиғи апаттарға төзімділікті арттыру үшін инновациялық шешімдер енгізеді.

Жобаның халықаралық маңызы - бұл зертхана 2025 жылы Қазақстанда өтетін «Қытай – Орталық Азия» екінші саммитінің маңызды оқиғаларының бірі болмақ. Жоба өңірлік ғылыми-техникалық инновацияларды дамытып, Қазақстанның жаңа өнеркәсіптік салалардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етпек. 

Осы бастама Қазақстанды кеңістіктік-уақыттық деректерді талдау және тұрақты даму саласындағы өңірлік көшбасшы етуге мүмкіндік береді.

Асқар Таудай
Бөлісу: