Мәжіліс Қазақстан мен Қытай арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан мен Қытай арасындағы бұл шарт 1993 жылғы 14 қаңтарда жасалған еді.
Құжат Қазақстан аумағында шетелдік соттардың шешімдері мен өтініштерін орындау саласында, сондай-ақ екі тараптың да құзыретті мекемелерін өзгерту бойынша құқықтық көмек көрсету жөніндегі сот органдарының функцияларын нақтылайды.
Хаттамада мынадай орталық мекемелер айқындалған: Қазақстан тарапынан – Жоғарғы сот, Бас прокуратура және Әділет министрлігі;
Қытай тарапынан – Әділет министрлігі, Жоғарғы халық прокуратурасы және Жоғарғы халық соты.
Бұл өзгерістер азаматтардың өздерінің де, уәкілетті органдардың да өтініштерді құзыретті органнан уағдаласушы тараптардың Жоғарғы сотына дейін қайта жіберу жөніндегі уақытша шығындарын болдырмайды. Бұл өз кезегінде азаматтар мен заңды тұлғалардың заңды мүдделерін қорғау мәселелерін анағұрлым тез шешуге ықпал етеді, - деді әділет министрі Азамат Есқараев.