Қазақстан мен Қытай дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты

12 Сәуір, 18:29 3239

Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жылдан асты. Осы аралықта екі ел арасындағы қарым-қатынас бірқатар даму кезеңінен өтіп, тарихи маңызды жетістіктерге қол жеткізілді, ал бүгінде өзара қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілгенін көріп отырмыз. Бұған дейін «Бір белдеу - бір жол» бастамасының 10 жылдығы атап өтілсе, енді биыл «Адамзаттың біртұтас тағдыры қауымдастығы» тұжырымдамасының жарияланғанына 10 жыл толады.

Осы орайда Астанада «Адамзаттың біртұтас тағдыры қауымдастығы» тұжырымдамасының жарияланғанына 10 жылдығының және Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының «Алтын отыз жылдығының» жаңа тарауы тақырыбында дөңгелек үстел өтіп, көршілес елдердің өкілдері бірқатар мәселені талқылады.

Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің кеңесші-елшісі Ван Тао өз сөзінде қазақ-қытай достығының арқасында түрлі салада уағдаластыққа қол жеткізгенімізді алға тартты.

Қазақстан мен Қытайдың тарихы мен мәдениеті ұқсас және бізді өзара байланыстыратын дүние көп. Осыдан бірер жыл бұрын дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуы атап өтіп, осы аралықта екі ел арасындағы қарым-қатынастар жан-жақты стратегиялық серіктестік тарихындағы ең жоғары деңгейге жетіп, серпінді дамуға қол жеткізілді. Сонымен қатар әртүрлі салалардағы ынтымақтастықтың нәтижелерін көріп жүрміз, - деді Ван Тао.

Естеріңізде болса, президент Қасым-Жомарт Тоқаев наурызда Боао Азия форумында сөйлеген сөзінде Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы тиімді серіктестіктің үлгісі саналатынын, еліміз Қытайдың Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктесіне айналғанын атап өткен болатын.

Қытайдың Орталық Азиядағы сауда-саттығы мен салған инвестициясының тең жартысы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 41 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл – тарихи рекордтық көрсеткіш. 2023 жылы елдеріміз арасындағы жүк тасымалының көлемі 22 пайызға артып, шамамен 30 миллион тоннаға жетті. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға жасаған сапары кезінде «Бір белдеу, бір жол» ауқымды мегажобасын таныстырған болатын. Аталған жоба Шығыс пен Батыс арасындағы негізгі көпір қызметін атқарады, ал Қытайдан Еуропаға құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бұл маңызды артықшылықты біз толыққанды пайдалануға тиіспіз. Біздің өз инвестициямыз да «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен стратегиялық тұрғыдан сабақтас әрі заманауи, мультимодальды, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз және орнықты инфрақұрылым құруға бағытталған, – деді президент.

Қазақта «Көршімен татудың көңілі тоқ» деген сөз бар. Бұл жағынан да Қазақстан мен Қытайдың ұстанымы ұқсас. Сондықтан да болар, екі ел арасындағы тауар айналымы былтыр 41 миллиард АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,2%-ға өсті. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш 100 миллиард долларға жетеді деген болжам бар. Бұған визасыз режимнің орнауы да зор ықпал ететіні сөзсіз.

Сурет: Мадина Асылбекова

Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі және бесінші ірі инвестиция көзі. 2023 жыл қазақ-қытай қарым-қатынасының жаңа «алтын 30 жылдығының» бастауы болды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға іссапары барысында екі ел басшыларының достық әңгімелесу жүргізіп, маңызды консенсусқа қол жеткізуі өзара қарым-қатынасты дамытудың келесі кезеңінің бағытын айқындап берген тәрізді. Екі ел арасындағы достық пен серіктестік жаңа салалардағы жетістіктерге ұласты. Өзара мәдени орталықтар құру туралы келісімге ресми түрде қол қойылды. Биыл Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы өтіп жатыр. Білім беру, мәдениет, ғылым және технология салалары бойынша да уағдаластыққа қол жеткізілді, - дегенді алға тартты елшілік өкілі.

«TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығының басшысы Рахым Ошақбаев қазақ-қытай қатынасы көпке үлгі екенін алға тартады.

Экономикалық тұрғыда да, саяси тұрғыда да Қазақстанның ұстанымы ұтымды екенін тәжірибе көрсетіп келеді. 2023 жылы Қытай Орталық Азия елдері үшін нөмір бірінші сауда серіктес атанды. Бұл аймақтық және әлемдік саудада маңызды оқиға. Қазақстан мен Орталық Азияның өзге елдері әлемдегі сын-қатерлерді ескере отырып, көпвекторлы дегеннен гөрі, антикоалициялық, антиқытайлық, антибатыстық, антиресейлік, антиауғанстандық және антиирандық бағыттағы ұстанымдарға қосылмайтынын көрсетті. Қандай да бір әскери іс-қимылға қатыспау және араздасқан екі тараптың бірінің ғана жағына шығуды құп көрмеу ең дұрыс шешім деп ойлаймын. Меніңше, Қазақстанның да, өзге Орталық елдерінің де бейтарап бағытты ұстануы жуық арада үлкен сауда-саттық алаңына айналуға мүмкіндік береді. Қытай үшін де саяси жағдайы тұрақты серіктес керек, - деді Ошақбаев.

Ал Қытай зерттеу жөніндегі орталық директоры Гүлнар Шаймергенованың айтуынша, ҚХР төрағасының ұстанымы да осыған ұқсас. Сол арқылы Си Цзиньпиннің «Адамзаттың біртұтас тағдыры қауымдастығын» құру туралы идеясы көп ұзамай-ақ жүзеге асты.

Қытайдың философиялық ұстанымы бойынша, адамзат бір-бірімен тығыз байланысты әлемдік қауымдастықтың құрамына біріктірілген. Мемлекеттер әлемнің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін экономикалық дағдарыстарды еңсере отырып, бір-біріне қолдау көрсетуі керек. Қытайдың «Белдеу және жол» бастамасы «Адамзаттың біртұтас тағдыры» тұжырымдамасына ұқсас және соның бағыттарының бірі, - деді спикер.

Сурет: Мадина Асылбекова

Бүгінде 200-ден астам ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойған 152 ел мен 32 халықаралық ұйым «Бір белдеу – бір жол» қатысушысы атанған.

2023 жылдың қыркүйегіндегі жағдай бойынша «Белдеу және жол» инвестициясының жалпы сомасы шамамен 1 триллион АҚШ долларын құрады. Серіктестіктің жемісі деп жүзеге асырылған 3 мыңнан астам жобаны айтуға болады. Ал 420 мың жұмыс орнын құру 40 миллионға жуық адамның кедейліктен шығуына, табысы төмен елдердегі ЖІӨ-ні 3,4% арттыруға мүмкіндік берді, - деді Шаймергенова.

Бұл статистикалық көрсеткіштерге қарап-ақ Ұлы Жібек жолының бүгінде маңызы арта түскенін аңғарамыз. Қазақстан арқылы «Қытай-Еуропа» бағыты бойынша 13 мыңнан астам жүк пойызы өтеді. Ал Сиань қаласында Қазақстанның логистикалық терминалы қолданысқа берілді. «Бір белдеу – бір жол» бастамасы жүзеге асып келе жатқан 10 жылдың ішінде Қытай Батыс елдеріне 85 мыңға жуық контейнерлік пойыз аттандырса, соның 80%-ы Қазақстан арқылы өткен. Түрікменстан мен Өзбекстанның газы да Қытайға Қазақстан арқылы тасымалданады.

Ұлы Жібек жолы сауда жолы ғана болған жоқ, ол мәдени, рухани, әдеби байланыстың да нығаюына септігін тигізді. Ал Қытай Халық Республикасы құрылған 1949 жылы Қазақстан Кеңес одағының мүшесі болғандықтан, екі ел арасындағы мәдени алмасулар Қытай-Кеңес аясында ғана өтті. Есесіне Қытай Қытай 1991 жылы тәуелсіздігін алған кезде-ақ бірден мәдени ынтымақтастық туралы бірқатар құқықтық құжатқа қол қойды. Ал 2005 жылы Қытай-Қазақстан ынтымақтастық комитеті жанынан Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық кіші комитеті құрылған. Соның арқасында бұл сала да екі елдің қарым-қатынасының ажырамас бөлігіне айналды.

Ал соңғы жылдардағы Димаш феномені қытайлықтардың Қазақстан тарихына, мәдениеті мен туризміне деген қызығушылығын тіпті арттыра түсті. Бүгінде екі ел бірігіп фильмдер түсіріп қана қоймай, бір-бірінің кітаптарын аударып басып, оқу гранттарын көбейтуде. Бұған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Қытайтану кафедрасының доценті, Қытайтанушылар қауымдастығының төрағасы Динара Дәуеннің келтірген мысалы да дәлел.

Сурет: Мадина Асылбекова

Екі елдің елшілігі және ғалымдарының көмегімен Қытай мұрағат материалдары мен жылнамалары негізінде «Ежелгі үйсін елі» (2005) және «Ұлы Түркі қағанаты» (2007) кітаптары, сондай-ақ А.Цин патшалығы кезіндегі (1644-1911) қазақ-қытай қатынастары туралы құжаттардың факсимилдік көшірмелері жинағы жарық көрді. Шығыстану институтының ғылыми қызметкерлері Қытай Халық Республикасының Бірінші тарихи мұрағатымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды (2013 ж. шілде). Жоғары білім туралы құжаттарды өзара тану туралы келісімдер бар, Конфуций институттары Астана (ЕҰУ), Алматы (ҚазҰУ), Қарағанды (ҚарМТУ), Ақтөбе (АГПИ), Алма-Ата (ҚазҰМУ) қалаларында жұмыс істейді. 2016 жылғы мәліметтер бойынша Қытайда 12 мыңға жуық қазақстандық білім алған, - дейді Динара Дәуен.

Аспанасты елі Қазақстанның басты инветорларының бірі екенін әлгінде айттық. Бұған дейін шығыстағы көршілеріміз басымдықты мұнай-газ саласына берсе, бүгінгі таңда қытайлық бизнесмендер құрылыс, қалдықтарды қайта өңдеу, тау-кен өндірісі, ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету салаларына қаржы құюда. Өз кезегінде Қазақстан Қытай шикізаттан бөлек ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауда. Халық саны жағынан әлемде көш бастап тұрған елде тұтынушылар саны көп екенін ескерсек, отандық кәсіпкерлер Қытайды үлкен мүмкіндіктер алаңы деп қарастырғаны жөн болар.  

Мадина Асылбекова
Бөлісу: