Бүгін Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде (METU университеті) Қазақстан мен Қытай елдері арасында өнеркәсіп пен білім беруді интеграциялау мақсатында халықаралық форум өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Халықаралық форумға Қытай білім министрлігі Қытай-Шетел мәдени алмасу орталығының директоры Ю Чансюэ мырза, Алматыдағы Қытай Бас консулдығының білім консулы Хуан Сяомин ханым, Бейжіңдегі «HUATEC» компаниясының президенті Чжан Ю мырза және Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің ректоры Гүлнар Сәрсенбекова, сонымен бірге Қытай университеттерінің басшылары қатысты.
Айта кетсек, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің білім, ғылым, озық технологиялар салаларында байланысын нығайтуды назарда ұстайды. Мәселен, мемлекет басшысы жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Көрші Қытай елінде әлемдік деңгейдегі озық технологиялар бар, олар тәжірибесін бөлісуге дайын», - деген болатын.
Бүгінгі орын алып отырған форум осы аталған міндеттемелерді іске асыру алаңы болды. Мемлекет басшысының жоғарыда атап өткен тапсырмасын Қазақстандағы жоғары оқу орындарының алғашқысы болып METU университеті қолға алып, жүзеге асырып отыр. Қытай мемлекетінің бірнеше озық білім орындарымен меморандумдарға қол қойылып, осы мақсатта жұмыс басталып кетті.
Осы форумда Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде Қытай елінің білім, ғылым салаларындағы озық технологияларын бөлісуге дайын компаниялармен ынтымақтаса отырып Цзинши институты ашылып, өз жұмысын бастады.
Цзинши институты («Мұнай-химиялық технология» мамандығы бойынша) - бұл HUATEC, Қазақстан халықаралық инженерлік-технологиялық университеті және Шыңжаң қолданбалы технология институты бірлесіп салған халықаралық білім беру жобасы. HUATEC өнеркәсіп пен білім интеграциясы кәсіпорнының ресурстық артықшылықтарына толық мүмкіндік береді, қытай және қазақ жоғары оқу орындары арасында академиялық алмасу және таланттарды оқыту үшін платформа құрып, Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдени алмасуды ілгерілетеді.
Форумда сөз алған Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің ректоры Гүлнар Сәрсенбекова:
«Білім – кез келген мемлекет өркендеуінің негізі. Біздің университет диалог пен жаңа мүмкіндіктерге ашық. Екі ел арасындағы ынтымақтастық серіктестігі білім мен ғылымның қарқынды дамуына негіз болады. Форумның басты кезеңі - Цзинши институтының METU университетінде ашылуы. Цзинши институтының өнеркәсіп-білім интеграциясы саласындағы ерен еңбегі халықаралық дәрежеде мойындалуда. Әлемдік деңгейдегі озық технологиялармен бөлісуді мақсат тұтқан бүгінгі игі шара - Ұлы Жібек жолындағы екі елдің болашаққа ұмтылудағы құндылықтары мен үміттерін арттырады», - деп атап өтті.
Қазақстанда былтырдан бастап «Цзинши» жобасы жүзеге асып келеді. Бұл жобаға дейін білім беру саласындағы «Белдеу және жол» халықаралық ынтымақтастығын ілгерілету және елдер арасындағы мәдени алмасуды ілгерілету мақсатында Қытайдың Білім министрлігінің Қытай-Шетел мәдени алмасу орталығы мен Бейжің HUATEC бірлесіп «Гуманитарлық алмасу Цзинши жобасын» іске қосып, жүзеге асырған. Бүгін екі елдің білім саласындағы практикалық ынтымақтастығын одан әрі тереңдетуді мақсат етіп, халықаралық дәрежеде Қазақстанның Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде форум өтіп жатыр.
Қытай елінен халықаралық форумға арнайы келген Қытай Білім министрлігі Қытай-Шетел мәдени алмасу орталығының директоры Ю Чансюэ мырза: «Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдени алмасуды ілгерілетуге ұзақ уақыт бойы бел буған достарымызға үлкен құрметімді білдіргім келед. Қытай мен Қазақстан – бір-біріне көмектесетін тату көрші, өзара сенімі жоғары жақсы дос, өзара табысқа қол жеткізген жақсы серіктес. Соңғы жылдары екі ел басшыларының бірлескен басшылығымен Қытай мен Қазақстан жан-жақты стратегиялық ынтымақтастық серіктестігі одан әрі тереңдей түсіп, мәдени алмасуы екіжақты қарым-қатынастың маңызды тұғырына айналды. Білім беру ол мәдени алмасудың маңызды бөлігі ретінде жемісті нәтижелерге қол жеткізді. Цзинши жобасы жүзеге асты. Бұл жоба «ЖОО-ЖОО-кәсіпорын» бірлескен білім беру үлгісін жаңартады, Қытайда «Цзинши халықаралық институт» және шетелде «Цзинши институт» құрылысынан басталады. Жобада халықаралық оқыту платформасын жасайды,, халықаралық оқу бағдарламаларының ресурстарын әзірлейді, халықаралық кәсіби құрылыс стандарттарын қалыптастырады және халықаралық қолданбалы техникалық дарындыларды тәрбиелейді. Жоба жүзеге асырылғалы бері соңғы бес жыл ішінде Қазақстанда, Тайландта, Лаоста, Камбоджада, Ресейде, Египетте және басқа да елдерде 30 «Цзинши институт» салынды», - деп атап өтті.
Бүгін Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде Цзинши институтының ашылуы - Қытай мен Қазақстанның білім саласындағы ынтымақтастығына, екі ел арасындағы мәдени түсіністікті, достық пен өзара сенімділікті арттыруға берік көпір салып, Қытай-Қазақстан қоғамдастығына қуат береді.
Бейжің HUATEC компаниясының президенті Чжан Ю мырза: «Қазақстанның асем қаласы Алматыға қелу жане Қазақстанның Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің Цзинши институтының ашылу салтанатына қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Қытай-Қазақстан қарым-қатынасы мың жылдық тарихы бар Жібек жолы бойында басталды. Қазір дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған 33 жылдық өзара тиімді ынтымақтастықтан кейін екі ел тұрақты жан-жақты стратегиялық әріптестікке қол жеткізді.
Қытайдың өнеркәсіп-білім интеграциясы саласындағы көрнекті кәсіпорны ретінде HUATEC «Белдеу мен жолды» бірлесіп құру жөніндегі білім беру әрекетіне белсенді түрде жауап берді және жүзеге асырады. Біз Қытай Білім министрлігінің Қытай-Шетел мәдени алмасу орталығынан қолдауға ие болдық. Хуашэн Цзинши Халықаралық инженерлік-технологиялық университетімен ынтымақтаса отырып білім беруді интернационалдандыру бағытында бірлесіп жұмыс істейді», - деді.
Халықаралық форум барысында Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің ректоры Гүлнар Сәрсенбекова Қытайдың Цзинши институтын салу бойынша Нанкин политех институтының ректоры Чжан Сяоцзюнь мырзамен ынтымақтастық туралы меморандумға, сонымен бірге Цзилинь электронды ақпарат кәсіптік колледжі партия комитеті хатшысының орынбасары Ши Хунфа мырзамен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Университеттің студенттік көркемөнерпаздар ұжымы өз өнерлерін паш етіп, қонақтар өзара естелік сыйлықтармен алмасты.