Қазақстан мен Қытай арасында тауар айналымы 24 пайызға өсті

28 Қараша 2023, 09:00 1360

Премьер-министр Әлихан Смайылов Астанаға жұмыс сапарымен келген ҚХР Мемлекеттік кеңесі премьерінің орынбасары Дин Сюэсянмен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытайдың екіжақты тауар айналымы жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде.

Мәселен, өткен жылы аталған көрсеткіш 35%-ға артып, $24,2 млрд-ты құрайтын таңғажайып нәтижеге жетті, биыл да қарқынды өсу жалғасуда.

10 ай ішінде өзара сауда-саттық тағы 24%-ға өсті. Осындай қарқынмен біз жақын арада екі елдің Мемлекет басшылары белгілеген тауар айналымын $40 млрд-қа дейін ұлғайту жөніндегі мақсатқа қол жеткізе аламыз деп санаймын, — деді премьер-министр.

Үкімет басшысы индустриализация және инвестиция бойынша бірлескен Қазақстан-Қытай жобаларының тізбесін кеңейтудің, 2026 жылға дейінгі Сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына қол қоюдың, сондай-ақ импорттық-экспорттық тауарлар өзара куәландыру туралы келісімді жаңартудыңмаңыздылығын атап өтті.

Осы құжаттарда қарастырылатын практикалық шаралар жеткізілетін тауарлар номенклатурасын кеңейтіп, сауда серіктестігін сапалы жаңа деңгейге көтеретініне сенімдімін, — деді премьер-министр.

Өз кезегінде ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Дин Сюэсян биылғы жыл Қазақстан мен Қытай үшін өте жемісті болғанын атап өтіп, ҚХР барлық өзара тиімді салалардағы ынтымақтастықты арттыруға дайын екенін атап өтті.

Қытай мен Қазақстан жақын көрші, жақсы дос және серіктестер. Бүгінде екі ел де өз дамуы мен жандануының маңызды кезеңінде тұр. Қилы өзгерістер жағдайында Қытай мен Қазақстан үлкен сынақтарға бетпе бет келді. Сондықтан біз ынтымақтастық рухында барлық негізгі мәселелер бойынша өзара қолдауды күшейтуіміз керек. Қытай тарапы бұрынғыдай Қазақстанды және даму мен өркендеуге бағытталған барлық күш-жігерді табанды түрде қолдайтын болады, — деді Дин Сюэсян.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: