Қазақстан мен Өзбекстан өзара сауда-саттықты арттырады

3 Ақпан 2023, 20:49 1564

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті

Қазақстан мен Өзбекстан үкімет басшылары Әлихан Смайылов пен Абдулла Арипов Алматыда өткен ЕҮАК отырысынан кейін мемлекетаралық ынтымақтастықтың бірқатар негізгі мәселелерін талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тараптар сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және су-энергетикалық салалардағы өзара іс-қимылды, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация мен ауыл шаруашылығындағы бірлескен қадамдарды арттыру жөніндегі жоспарларды пысықтады.

Әлихан Смайылов республикалар арасында барлық салаларда қарқынды дамып келе жатқан берік үйлесімді қатынастар орнағанын атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы шамамен 30%-ға өсіп, жоспарланған меже $5 млрд-қа жеткен.  

«Бұл ортақ күш-жігеріміздің арқасында мүмкін болды. Енді жоғары деңгейде қойылған міндеттерге сәйкес, орта мерзімді кезеңде өзара сауда-саттық көлемін $10 млрд-қа дейін ұлғайту қажет», — деді ҚР Премьер-Министрі.

Оның айтуынша, бұл тұрғыда былтыр қол қойылған жол карталарын уақытылы имплементациялау және Қазақстан-Өзбекстан үкіметаралық комиссиясының белсенді жұмысы маңызды болып табылады.

«Қазақстан үкіметі өзара іс-қимылдың барлық бағыттары бойынша белсенді диалогқа дайын», — деді Әлихан Смайылов. 

Өз тарапынан Абдулла Арипов елдер арасында өнеркәсіптік кооперацияның, әсіресе автомобиль жасауда оң тәжірибе барын атап өтті. Мұнай-газ, химия, энергетика, металлургия және басқа да салаларда перспективті жобалар пысықталуда.

«Ауыл шаруашылығы мен көлік-логистика саласындағы, әсіресе жаңа көлік дәліздерін дамыту бөлігіндегі тығыз өзара іс-қимылды ерекше атап өткен жөн. Сондай-ақ біз елдеріміздің өңірлері арасындағы тікелей байланыстарды жоғары бағалаймыз, бұл бауырлас халықтардың арасындағы ынтымақтастық әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік береді», — деді Абдулла Арипов.

EL.KZ
Бөлісу: