Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті мен Моңғолия ұлттық білім университетінің арасында әріптестік меморандум бекітілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Маңызды құжатқа Марғұлан университетінің басқарма төрағасы-ректордың міндетін атқарушы Жанбол Жилбаев пен Моңғолия ұлттық білім университетінің ректоры, профессор Батбаатар Жамъянсурэн қол қойды. Меморандум негізінде «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» және «Мектепке дейінгі білім беру» білім беру бағдарламалары бойынша қос диплом жобасын жүзеге асыру туралы жобалар іске асырылатын болады.
Марғұлан университетіне Моңғолия ұлттық білім университетінің ректоры, профессор Батбаатар Жамъянсурэн, МҰБУ Баян-Өлгей аймағы филиалының директоры, PhD доктор Жылқайдар Хиналған, МҰБУ жанындағы орта мектеп директоры Мөнхбаяр Мөнхбаатар арнайы іс-сапармен келді. Моңғолиядан келген делегацияны алдымен университет басшысы Жанбол Жилбаев қабылдап, Ертіс-Баян өңірінің ұстаздар қара шаңырағында атқарылып жатқан жұмыстармен, ғылыми жобалармен таныстырды.
Келіссөз барысында бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, Моңғолия ұлттық университетінің кампусында Марғұлан университетінің филиалын ашу жайлы сөз қозғалды. Моңғолия мемлекеттік білім университетінің ректоры, профессор Батбаатар Жамъянсурэн аталған ұсыныстарды толық қолдайтынын білдіріп, бірлесіп жұмыс жүргізуге дайын екенін жеткізді.
Сондай-ақ қонақтар университет ғимаратына экскурсия жасап, инклюзия кабинетіне, биоценология және экологиялық зерттеулер орталығына, тарих мұражайына және жатақханалар мен спорт кешендеріне барды.
Осы кездесуден кейін Марғұлан университетінде моңғолиялық қонақтардың қатысуымен дөңгелек үстел өтіп, онда педагогика саласының маңызды мәселелері талқыланды.