Қазақстан мен Латвияның жемісті ынтымақтастығына 30 жыл

13 Желтоқсан 2022, 20:23 1447

 Биыл Қазақстан Республикасы мен Латвия Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Осы атаулы күнге орай Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Латвияның Қазақстандағы Елшісі Ирина Мангуле сыртқы істер министрлерінің атынан құттықтау хаттарымен алмасудың салтанатты рәсімін өткізді.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді өз жолдауында атап өткендей: «үш онжылдық ішінде мемлекеттеріміз арасындағы барлық салаларда қарым-қатынастардың кеңейіп нығаюына қол жеткізілді, халықаралық аренада және түрлі халықаралық ұйымдарда өзара қолдау көрсетілуде».

Сондай-ақ, Латвияның Сыртқы істер министрі Эдгарс Ринкевичс атап өткендей «30 жылдан астам уақыт бұрын біздің елдеріміз өздерінің тәуелсіз жолдарын таңдап, халықтарымыз үшін бостандықты, бейбітшілік пен өркендеуді қамтамасыз етуге бағытталған саясатты қалыптастырды. Біз ұлттық мүдделерімізге сәйкес келетін серіктестер мен ынтымақтастық форматтарын таңдай алдық. Біз ережелер, тату көршілік және аймақтық қатынастар, бейбітшілік және өсу негізіндегі халықаралық құқық пен ынтымақтастықты таңдадық. Қазақстан-Латвия қатынастарында бұл таңдау 30 жылдық жемісті екіжақты алмасу мен өзара қызығушылық тудыратын әртүрлі салалардағы ынтымақтастықтың нәтижесі болды».

Қазақстан Парламенті Мәжілісінде және Латвия Сеймінде парламентаралық достық пен ынтымақтастық тобы жұмыс істейді.

Қазақстан мен Литва арасындағы саяси қатынастардың жоғары деңгейі сауда-экономикалық салада да әлеуетті іске асыру үшін қолайлы жағдай қалыптастырды. Дамыған көлік инфрақұрылым жүктерді Еуропа мен Азия арасындағы ең қысқа маршруттармен тасымалдауға мүмкіндік береді.

Қазақстанда 100-ден астам латвиялық компания өз қызметін жүзеге асырады, ал Латвияда 100-ден астам қазақстандық компания бар. Белсенді ынтымақтастық халықаралық автомобиль тасымалдары саласында жүзеге асырылады.

2022 жылдың 9 айында екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 237%-ға ұлғайып, 135,6 млн АҚШ долларды құрады. 2008-2021 жылдары Латвиядан Қазақстанға инвестициялар ағыны 107 млн АҚШ долларды құрады. 2022 жылдың екі тоқсанында ҚР-дағы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 22,7 млн АҚШ долларды құрады.

Экономикалық, ғылыми және техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия екі елдің өзара іс-қимылын нығайту мен дамытудың пәрменді тетігі болып табылады.

Қазақстан тарапынан ҮАК тең төрағасы ретінде Р. Василенко барлық салаларда өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге жан-жақты ықпал ету ниетін растады.

Инвестициялар, тасымалдау және логистика, IT, ауыл шаруашылығы, туризм, денсаулық сақтау, білім беру, сондай-ақ шарт-құқықтық базаны кеңейту сияқты салаларда өзара іс-қимылдың нақты перспективалары бар екендігі атап өтілді.

Қазақстан-Латвия қарым-қатынастары 30 жылдық сындарлы өзара іс-қимылмен екі ел азаматтарының игілігі үшін табысты және өзара тиімді ынтымақтастықтың үлгісіне айналды.

EL.KZ
Бөлісу: