Қазақстан мен Корея инвестициялық жобаларды іске асырмақ

2 Наурыз 2023, 15:25 1247

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова Корея Республикасының Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрлігі жанындағы «Самал жел» жобасы жетекшісінің кеңесшісі Чжу Хен Пэкпен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Кездесуде екі ел арасындағы ұзақмерзімді тиімді ынтымақтастықты дамытып, одан әрі нығайтудың жолдары талқыланды. ИИДМ басшысының орынбасары жолға қойылған екіжақты әріптестіктің тереңдей түсетініне сенім білдіріп, кореялық инвесторларды Қазақстанға келіп, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға шақырды.

Динара Щеглова Fresh wind («Самал жел») жобасы туралы айта отырып, оның аясында Қазақстан мен Корея арасындағы уағдаластық сәтті іске асырылғанын жеткізді.

«Корея мемлекеті Қазақстанның ірі экономикалық серіктестерінің бірі саналады. Жоғарыда айтылған бағдарламаға сәйкес екі елдің арасындағы уағдаластықтың сәтті орындалғанын айта кеткен орынды. Оның айқын мысалы ретінде Алматыдағы HYUNDAI брендінің жеңіл автокөліктерін шығаруға арналған Hyundai Trans Kazakhstan зауытының құрылысын, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА мен Пусан портының әкімшілігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумның іске асырылуын атауға болады. Бұған қоса Kazakh Invest ұлттық компаниясы Солтүстік Қазақстан облысында модульдік жылыжайлар салу жобасын жүзеге асырып жатыр. Сонымен қатар қазір біздің мамандар Fresh wind бағдарламасының орындалуын өзектендіру бойынша жұмысты жалғастырып келеді», деді вице-министр.

Бұл ретте «Самал жел» бағдарламасы жетекшісінің кеңесшісі өз елінің экономикалық әлеуетін таныстыра келе өнеркәсіп, жер қойнауын пайдалану, геология, сондай-ақ автожол саласында өзара тиімді ұсыныстарды жеткізді. Бұдан бөлек аталған жобаны жүзеге асыруға байланысты басқа да мәселелер қарастырылды.

Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар іскерлік әңгімеге ризашылықтарын білдіріп, мемлекетаралық байланыстарды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.

EL.KZ
Бөлісу: