Қазақстан мен Кипр сотталғандарды беру туралы келісімді бекітті

10 Сәуір, 10:24 1119

Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының заңы қаралып, мақұлданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісім 2024 жылғы 25 наурызда Астана қаласында жасалды. Келісімге сәйкес тараптар бас бостандығынан айыруға үкім шығарылған адамдарға қатысты жазаны немесе оның жазасының қалған мерзімін өз мемлекетінде одан әрі өтеу үшін бір-біріне сотталған адамдарды беруге міндеттеледі.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Советбек Медебаевтың сөзінше, Қазақстан тарапынан сотталған адамдарды беру туралы шешімнің орындалуына жауапты құзыретті орган ретінде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы белгіленеді. Келісімде сотталған адамдарды беру және одан бас тарту үшін нақты негіздер көзделген.

Сотталған адамдарды беру мына шарттар сақталған кезде жүзеге асырылады: сотталған адам Үкімді орындаушының азаматы болуы тиіс; Үкім шығарушы тараптың заңнамасына сәйкес шешім түпкілікті болса; өтелуге тиісті жазаның қалған мерзімі кемінде алты айды құраса немесе үкім белгіленбеген мерзімге шығарылса; сотталған адамның келісімі болса; үкім шығарылған әрекет немесе әрекетсіздік оны орындаушы тараптың заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылса; Үкімді шығарушы да, орындаушы да тараптар сотталған адамды беруге келіссе. Егер үкім шығарушы тарап беру өзінің егемендігіне, қауіпсіздігіне немесе қоғамдық тәртібіне нұқсан келтіруі мүмкін деп есептесе; сотталған адам үкім бойынша залалды өтемесе; үкім шығарушы тарапта беруге тиіс адамға қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылып жатса, беруден бас тартылуы мүмкін, - деп атап өтті Советбек Медебаев.

Сонымен қатар сенатор бүгінгі таңда Қазақстан сотталған адамдарды беру туралы 20-дан астам мемлекетпен (олардың ішінде – Үндістан, Түркия, Иран, Израиль, Италия, Испания, Венгрия және т.б.) келісім жасағанын да айта кетті.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы сотталған тұлғаларды беру туралы келісімді Қазақстанның қылмыстық істер бойынша көмек көрсету бойынша, оның ішінде сотталған тұлғаларды беру саласындағы ынтымақтастық аумағын кеңейтудегі жүйелі саясатының жалғасы ретінде сипаттауға болады, - деді Сенат депутаты.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: