Қазақстан мен Хорватия арасындағы дипломатиялық қатынастарға 30 жыл

21 Қазан 2022, 12:57 870

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді

20 қазанда Қазақстан Республикасы мен Хорватия Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толды, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.

Айтулы оқиғаға орай екі мемлекеттің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Зоран Миланович, сондай-ақ Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Хорватия Сыртқы істер министрі Гордан Грлич-Радман өзара құттықтау хаттармен алмасты.

Астанада мерейтойлық күнге орай Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Хорватия Елшісі Рефик Шабанович арасында кездесу өтті.

Осы кезең ішінде мемлекеттеріміз арасында өзара сенім мен құрметке негізделген тиімді ынтымақтастық тұрақты нығайтылды. Мемлекетаралық қатынастар жалпы күш-жігермен жоғары деңгейге көтерілді. Тұрақты саяси диалог сақталып, делегациялармен алмасу жүзеге асырылады, құқықтық базаның берік іргетасы құрылды. Парламентаралық және өңіраралық ынтымақтастық, іскерлік және мәдени-гуманитарлық байланыстар дамуда.

Астана мен Загреб өзара сыйластық қағидаты негізінде екі елдің әлемдік аренадағы ынтымақтастығын нығайтуды жақтайды. Біздің мемлекеттер БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар шеңберінде халықаралық қауіпсіздік, халықаралық терроризмге қарсы күрес, ұйымдасқан қылмыс, есірткі құралдарының заңсыз айналымы, заңсыз көші-қон және басқа да трансұлттық сын-қатерлер мәселелері бойынша тығыз өзара іс-қимыл жасауда.

Мәдени байланыстарды дамытумен қатар, Қазақстан мен Хорватия арасындағы жан-жақты өзара іс-қимылды нығайтуға Хорватия-Қазақстан достығы қоғамы маңызды үлес қосып келеді.

Соңғы жылдары Қазақстан мен Хорватия арасындағы сыртқы сауда айналымы тұрақты өсу үрдісіне ие. Қазақстандық статистика деректері бойынша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 680,96 млн АҚШ долларын құраған. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында ҚР мен Хорватия арасындағы тауар айналымы 349 млн АҚШ долларына жетті (2021 жылдың ұқсас кезеңінде - 192,15 млн, 82% өсім) және одан әрі ұлғаюда. Қазақстанда құрылыс, фармацевтика, IT, тамақ өнеркәсібі және сауда салаларында 20-дан астам хорват компаниялары тіркелген. Көлік-логистика, оның ішінде теңіз инфрақұрылымын дамыту, туристік және спорт салаларында нақты жобаларды іске асыру жөнінде уағдаластықтар бар.

30 жылдық ынтымақтастықта қол жеткізілген жетістіктер тараптардың халықтар игілігі үшін екіжақты әріптестікті одан әрі арттыруға деген шынайы ниетін растайды.

Бөлісу: