Қазақстан мен Фрация президенттері бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды

5 Қараша, 20:10 597

Эмманюэль Макрон Франция мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас 2008 жылдан бері стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілгенін, осы уақыт аралығында оның маңызы мен өзектілігі арта түскенін атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап. 

Оның айтуынша, екі елдің халықаралық және аймақтық проблемаларға қатысты ұстанымдары ұқсас. Яғни БҰҰ Жарғысын сақтау, соның ішінде территориялық тұтастықты құрметтеу және адам құқығын қорғау қағидаттарын берік ұстанады

Эмманюэль Макрон климаттың өзгеруі және терроризммен күрес секілді жаһандық сын-қатерлерге қарсы күш біріктіру маңызды екеніне назар аударды. Сонымен қатар Франция Президенті екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту ұзақмерзімді перспективадағы орнықты және табысты серіктестікке негіз қалап, екі елдің өсіп-өркендеуіне жол ашатынын жеткізді. 

Баспасөз брифингі аяқталған соң Қазақстан мен Франция Президенттері стратегиялық серіктестікті одан әрі жандандыруға бағытталған Бірлескен декларация қабылдады. 

 Бұдан кейін мемлекеттер басшыларының қатысуымен келесі құжаттарға қол қойылды:

1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы реадмиссиялау туралы келісім;

2. Аса маңызды материалдар мен ресурстар бойынша Қазақстан мен Францияның стратегиялық ынтымақтастығының жол картасы;

3. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы мен Société Generale S.A. компаниясы арасындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім;

4. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен «Alstom Transport SA» компаниясы арасындағы 6 осьті электровоздар бойынша стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім;

5. Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты мен Ұлттық превентивті археологиялық зерттеулер институты (INRAP) арасындағы археология саласындағы ынтымақтастық туралы келісім хаттамасы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парижге мемлекеттік сапары аясында екі ел делегациясының мүшелері 36 құжатқа қол қойды. Оның ішінде жалпы сомасы 2,2 миллиард долларды құрайтын 1 үкіметаралық, 21 ведомствоаралық және 14 коммерциялық құжат бар.

Перизат Саденова
Бөлісу: