Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы тауар айналымы 38 млрд долларға жетті

15 Қаңтар, 19:31 1932

Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Еуропалық комиссияның вице-президенті Маргаритис Схинас Қазақстан мен Еуропалық одақтың сауда-экономикалық қатынастарын нығайту жөніндегі алдағы қадамдарды талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан Еуропалық одақпен өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайтуға ерекше мән береді.

Бұл ретте Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім, сондай-ақ ЕО-ның Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясы маңызды рөл атқарады.

Біз өзара сенім мен құрметке негізделген Қазақстан-Еуропа ынтымақтастығын одан әрі кезең-кезеңмен дамытуды қолдаймыз, — деді Әлихан Смайылов.

ЕО – Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі.

ЕО үлесіне сыртқы сауданың шамамен 30%-ы және тартылған инвестициялардың шамамен 40%-ы тиесілі.

Мәселен, өткен жылдың 11 айында тауар айналымы 5%-ға жуық өсіп, шамамен $38 млрд-қа жетті.

Бүгінде Қазақстанда 6 мыңға жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді, оның 130-ы өткен жылы ғана қосылды. Бұл көрсеткіштер еуропалық серіктестерге экономикамыздың тұрақтылығы мен тартымдылығын көрсетеді. Еуропаның инвестициялық қоғамдастығын бірлескен жобаларға кеңінен қатысуға шақырамыз, — деді Әлихан Смайылов.

Өз тарапынан Еуропалық комиссияның вице-президенті Қазақстанның Еуропалық одақ үшін маңызды әріптес екенін атап өтті.

Қазақстанда ауқымды жаңғырту процестері жүріп жатқанын білеміз. Еуропалық одақ атынан Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі маңызды ойыншы етіп отырған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асып жатқан реформалардың маңыздылығын атап өткім келеді, — деді Маргаритис Схинас.

Перизат Саденова
Бөлісу: