Қазақстан мен Чехия арасындағы сауда байланысы қандай? Смайылов жауап берді

24 Сәуір 2023, 12:57 810

Қазақстан мен Чехия арасындағы тауар айналымы 67 пайызға өсті. Бұл туралы  елордада өтіп жатқан  Чех-Қазақстан бизнес-форумында премьер-министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бизнес-форумға Чех Республикасының премьер-министрі Петр Фиала да қатысып жатыр.

Чехия Республикасы біздің Еуропалық одақтағы маңызды сауда-экономикалық серіктестеріміздің бірі болып табылады. Екі ел арасындағы өзара сауда көлемі қарқынды өсуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 67 пайызға өсіп, 407 миллион долларға жетті. Қарқынды өсім ағымдағы жылы да жалғасуда. Қаңтар-ақпан айларындағы өсім екі есеге дейін өсті. Екі ел арасындағы сауда айналымы болашақта да артады деген ойдамын, - деді Әлихан Смайылов.

Елімізде серіпілісті инвестициялық жобаларды іске асыру үшін барлық қажетті алғышарттар бар. Соңғы 15 жылда Чехия компаниялары Қазақстан экономикасына шамамен 270 миллион доллар инвестиция салды. Бұл ретте инвестициялардың 5/1 бөлігі соңғы екі жылда салынғанын атап өтті. 

Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында чехиялық 200-ге жуық бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді.

Біздің сауда-экономикалық серіктестігіміз жаңа тауар түрлерімен және бірлескен жобалармен нығайып келеді. Чехияның ірі кәсіпорындары қызығушылық танытып, Қазақстандағы серіктестігін кеңейтіп жатқанын атап өту қуантады. Атап айтатын жағдай, Skoda Transportation  кәсіпорны екі ел арасындағы көлік саласын дамыту үшін бірнеше жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр, - деді премьер-министр.

Қазақстан Орталық Азиядағы инвестициялар тарту бойынша көсбасшы елдердің қатарында. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары еліміз 410 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестицияларды тартқан.

Жалпы Қазақстанда бірлескен жобаларды іске қосуда Чехия бизнесінің өсіп келе жатқан бизнесінің қызығушылығы біздің еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға ерекше назар аударылатындығының дәлелі екенін атап өткім келеді. Біздің стратегиялық міндетіміз 2029 жылға дейін тағы да 150 миллиард доллар тарту. Алға қойған мақсаттарға жету үшін өткен жылы жаһандық энергетикалық және технологиялық көшу талаптарын күшейтуді көздейтін инвестициялық саясаттың 2026 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасы қабылданды, - дейді Әлихан Смайылов.

Миражан Махан
Бөлісу: