Қазақстан мен Бразилия депутаттары ынтымақтастық перспективаларын талқылады

11 Қараша, 19:00 318

Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан, депутаттар Анас Баққожаев пен Айтуар Қошмамбетов Бразилия Федеративтік Республикасы Парламентінің депутаты, «Бразилия-Қазақстан» достық тобының жетекшісі Клаудио Кажадомен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуге Бразилияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Марсель Бьято да қатысты. Айгүл Құспан Елшіні еліміздегі дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтап, екіжақты қарым-қатынасты нығайту жолында табыс тіледі.

Әңгімелесу барысында тараптар мұндай кездесулердің екіжақты байланыс пен парламентаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасу үшін маңызды екенін  атап өтті. Жиында елдер арасындағы дипломатиялық байланыс орнаған 30 жыл ішінде қалыптасқан саяси, экономикалық және мәдени салалардағы белсенді әрі берік ынтымақтастық сөз болды. Бұл ретте мемлекетаралық қатынастың маңызды бөлігіне айналған парламенттік дипломатияның маңыздылығына ерекше назар аударылды.

Айгүл Құспан өз сөзінде Мәжілісте 13 депутаттан тұратын Бразилиямен ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық топ жұмыс істейтінін айтты.

Бүгін парламенттердің төменгі палаталарындағы парламентаралық достық тобының бірінші отырысы аясында екіжақты күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелерді талқылай аламыз, – деді Айгүл Құспан.

Сонымен қатар депутат мұндай кездесулерді онлайн режимде де, көпжақты алаңдарда да өткізуге болатынын атап өтті. Сондай-ақ шетелдіктерге Қазақстанда «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы бойынша жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалар туралы мәлімет берілді.

Өз кезегінде Клаудио Кажадо Бразилиядағы мемлекеттік басқару жүйесінің ерекшеліктеріне, оның ішінде жоғары заң шығарушы органның басым рөліне тоқталды.

Тараптар салық, ауыл шаруашылығы, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық салаларындағы байланыстың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, алдағы диалогтың бірқатар нақты бағыты мен форматын айқындады.

Перизат Саденова
Бөлісу: