Бакуде Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов «Хазри-2023» Қазақстан-Әзербайжан аралас әскери-теңіз оқу-жаттығуының практикалық іс-қимылдарын бақылауға қатысты. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Жаттығудың белсенді кезеңінде екі елдің бөлімшелері теңіз жаяу әскерлерінің бірлескен іс-қимылдарын пысықтап, кемелерді жауынгерлік үйлестіруді жүргізді.
Қазақстан мен Әзербайжанның әскери теңізшілері арнайы мақсаттағы бөлімшелермен өзара іс-қимыл жасай отырып, әуе және құрлық нысандарын зақымдау, азаматтық кеме мен оның экипажын босату, зардап шеккен кемені сүйреп апаруға жәрдем көрсету, экипажды құтқару және эвакуациялау бойынша оқу-жауынгерлік міндеттерді орындады.
Теңіз өткелі кезінде десанттық айдауыл жасау, террористік-диверсиялық топтар мен уақытша базаларды бейтараптандыру, арнайы бөлінген теңіз жаяу әскерлері мен арнайы күштердің аралды азат ету тапсырмалары пысықталды.
Айта кетейік, Әзербайжан тарапының шақыруымен жаттығуларға Иран Ислам Республикасы Қарулы күштерінің делегациясы бақылаушы ретінде қатысты.
Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша тараптар алға қойылған міндеттерді орындаудың жоғары сапасын атап өтіп, Қазақстан мен Әзербайжанның халықаралық әскери ынтымақтастығы шеңберінде практикалық өзара іс-қимылды жалғастыруға өзара мүдделілік білдірді.