Қазақстан медицинасы үшін үлкен ілгері ағым жасадық – Нұрзат Сығай

16 Маусым, 10:10 1420

Елімізде маусымның әр үшінші жексебісінде Медицина қызметкерлері күні аталып өтіледі. Биыл бұл мереке 16 маусымға тұспа-тұс келіп отыр.  Сондықтан дәрігерлердің еңбегі мен жетістіктері жөнінде жазуды құп көрдік. Қазақстанда өзі ісін жетік білетін үздік медицина қызметкерлері баршылық. Солардың бірі – нейрохирург Нұрзат Сығай.  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Нұрзат Сығаймен тілдесіп, отандық медицина, гамма пышақ технологиясы және қатерлі ісіктердің белгілері жөнінде сұрады. 

El.kz: Нұрзат мырза, неліктен таңдауыңыз нейрохирургия саласына түсті? Қызмет жолыңыздың алғаш басталған кезі есіңізде ме?

Нұрзат Сығай: Нейрохирургия саласында 13 жылдан бері жұмыс істеп келемін. 2011 жылы Республикалық нейрохирургия орталығына резидентураға түстім. 2003 жылы медицина саласын таңдап, оқуға түскен ең алғашқы күннен бастап нейрохирург болуды ұйғардым. Ми – адамды адам қылатын, мінез қалыптастыратын бірден бір мүше болғаннан кейін оған қорықпай, саспай ота жасап, адамның өмір сапасына үлкен оң септігін тигізетін бұл мамандық иесі мен үшін «Құдайдай адам» көрінетін. «Нейрохирург болсам ғой» деген ой үнемі қасымда болды. Еңбекқорлықтың және алдыма қойған мақсаттарымның арқасында бүгінгі күнге дейін нейрохирургия саласында адал қызметімді атқарып келе жатырмын.   

El.kz: Алғаш рет миға ота жасаған кезіңіз есіңізде ме? Сіздің тәжірибеңіздегі ең қиын ота қандай болды?

Нұрзат Сығай: Студент кезімде алғаш жасаған операциям есімде ерекше қалады деп ойлайтынмын. Бірақ шыны керек, артқа қарап өзімнің нейрохирургиядағы тарихыма үңілсем, алғаш қатысқан операция есімде қалмапты. Неге десеңіз, біз резидентура оқып жүрген кезде-ақ операцияға қатысып жүрдік. Бұл бізге ерте тәжірибе жинауға үлкен көмек болды.

©El.kz/Арман МУХАТОВ

Қазіргі жұмыс істеп жүрген радиохирургия саласындағы алғашқы операциям әлі де есімде. Тіпті 2021 жылдың 27 мамыры күні деп нақты айта аламын. Ол кезде жас қызға ота жасаған едік. Ал алғаш рет ашық түрдегі операцияны жасағаным есімде қалмапты.

Ал мен үшін ең қиынға соққан операция 21 сағатқа созылған еді. Таңғы сағат 8-ден бастап, ертесі таңғы сағат 5-те аяқтадық. Қатерсіз ісік болғанымен, бірнеше комбинациядан тұратын операция жасауға мәжбүр болдық. Физикалық, психо-эмоциональды жағынан қатты шаршатқан операциялардың бірі болды. Отадан кейін науқастың денсаулығы жақсарып, тез сауығып кетті. Бәлкім, осындай оң нәтижеге қол жеткізген соң қандай операция болмасын қиналғаныңды өтейді деп ойлаймын. 

©El.kz/Арман МУХАТОВ

El.kz: Қазақстан Орталық Азиядағы медицинасы озық елдердің бірі. Бүгінде кез келген ауруды емдеуге мамандарымыздың қауқары жетеді.  Соның ішінде қатерлі ісікке ота жасау бағдары қалай жүріп жатыр? Бүгінде қанша қазақстандық ауруынан толық айықты?

Нұрзат Сығай:  Біз тек қана орталық жүйке жүйесіне байланысты қатерлі ісіктерді зерттеп ота жасап жүрміз. Одан тыс ішкі ағзалардың құрсақ қуыс, кеуде қуыстарында қатерлі ісіктер болады. Олармен айналысатын сала – онкология. Сондықтан бұл ауруға қатысты жалпылама статистиканы айта алмаймын.

Нейрохирургия саласында бас миына қатысты ісіктердің 60-70 пайызы қатерлі ісіктерге жатады. Қатерлі ісіктің өсу сипаты мен өсу қарқыны әр түрлі болады және қай қырынан қарасаң да ауыр. Себебі, сәулелік және химиялық терапияға байланысты олардың қайта өсу деңгейі жоғары. Сондықтан да кейбір адамдар 2-3 рет отаға баруға мәжбүр болады.

©El.kz/Арман МУХАТОВ

Бір рет қатерлі ісікпен ауырған адам қайтадан ауыруы мүмкін. Операция кезінде ісіктің қаншалықты толыққанды алынғанына байланысты. Әрбір ісіктің мейлі ол қатерлі болсын, қатерсіз болсын өзінің индивидуалды коды, сипаты мен табиғаты болады. Медицина қаншалықты жылдам дамыса да бүгінгі күнге дейін ісіктің болжамын жасау өте нашар болып отыр. Мысалы, дамуы өте қарқынды ісіктер кездеседі. Сондай-ақ, табиғаты қатерлі болғанымен, ағымы қатерсіздеу ісіктер де бар. Жалпы кейбір қатерсіз ісіктер қатерлі ісікке өте сирек айналады. Олар 10-15 жылда ремиссияға жеткізіп, бас көтере алмайтын жағдайға дейін апаруы мүмкін.  

Өз тәжірибемде қатерлі не қатерсіз ісікпен бірнеше мәрте ауырған науқастарға екі тіпті үш рет операция жасадым. Қазақстанда бұндай жағдайлар кездесіп тұрады. Дегенмен нақты статистикасын айта алмаймын.  

©El.kz/Арман МУХАТОВ

El.kz: Әлеуметтік желіде шетел асып баласына ем іздеп, көмек сұрап жүрген азаматтарымызды көріп жатамыз. Балалар арасында да қатерлі ісіктің кездесуі сирек жағдай емес. Жалпы, бұл аурудың түрінен елімізде балаларға қаншалықты жиі ота жасалды?

Нұрзат Сығай: Расымен балалар нейрохирургиясы өте ауыр салалардың бірі. Себебі психоэмоциялық тұрғыда кішкентай балаларға, нәрестелерге, сәбилерге операция жасау өте қиын. Өкінішке орай, балаларда қатерлі ісіктердің үлесі өте көп. Сондықтан да балалар нейрохирургиясына адал қызмет істеп келе жатқан әріптестеріме бас иемін. Балалар нейрохирургиясында мен де біраз уақыт жұмыс істедім. Операция да жасадым. Бұл негізі оңай сала емес. Өз балаларым пайда болған соң балалар нейрохирургиясында жұмыс істеу мен үшін ауыр болып көрінді.

El.kz: Соңғы жылдары нейрохирургияда «Гамма пышақ» технологиясы кеңінен қолданылады. Оның дәстүрлі медицинадан артықшылығы неде?

Нұрзат Сығай: «Гамма пышақ» технологиясының дәстүрлі медицинадан еш артықшылығы жоқ. Ол да медицинаның жеке саласы. Оны бейдәстүр медицинаға жатқызуға болмайды. «Гамма пышақ» технологиясы – Қазақстан медицинасы үшін үлкен ілгері адым болды. Себебі дамыған елдерде «Гамма пышақ» нейрохирургияның алтын стандартына айналып отыр. Алғашқы уақытта қорқақтадық, себебі тәжірибеміз осалдау болды. Әдебиет парақтарына жүгініп, тәжірибелі аға буынның айтқандарына құлақ аса отырып жұмыс істедік. Қазір бұл технологиямен жұмыс істеп жатқанымызға 3 жылдан асты. Осы уақыт ішінде «Гамма пышақтың» болуы талай қазақстандықтарға мүмкіндік сыйлап, күнделікті белсенді өмір сүруіне оң септігін тигізген үлкен құрал деп білемін. Біз ем жасаған науқастар кейде сенбей, отадан шыққаннан кейін «осымен болды ма?» деп таңқалып жатады.

©El.kz/Арман МУХАТОВ

Біріншіден, «Гамма пышақтың» артықшылығы – адамның басын ашпаймыз, яғни дәстүрлі трепанация жасалмайды.

Екіншіден, анестезия берілмейді. Яғни, науқас ем барысында есін біліп жатады.

Сондай-ақ, отадан шыққан күні күнделікті белсенді өміріне араласып, тіпті ертесіне жұмысқа шығуына ешқандай шектеу жоқ. Сондықтан да бұл жағынан үлкен жетістік деп білемін. «Гамма пышақ» – Орталық Азияда Қазақстанда ғана бар.

El.kz: «Гамма пышақтың» көмегімен операция қанша уақытқа созылады?  

Нұрзат Сығай: Біріншіден, ол патологияның түріне, күрделілігіне байланысты болады. Бір немесе бірнеше патология болуы мүмкін. Бірнеше ісіктермен сипатталатын ауруларға ем ұзақ өтеді. Бізде болған операциялардың ең қысқасы 14 минут, ең ұзағы шамамен 9 сағат көлемінде болды.  

©El.kz/Арман МУХАТОВ

El.kz: Операцияны балаларға да, ересектерге де бірдей жасауға болады ма?

Нұрзат Сығай: Иә, біздің тәжірибеміздегі ең жас науқас 5 жаста болды. Жас жағынан ешқандай шектеу жоқ. Ең бастысы бас сүйегі қатайса болғаны, себебі жаңа туған нәрестеде көбінесе сүйек емес, бас сүйегі шеміршектен тұрады. Ол қатайған бойда ғана біз науқасты «Гамма пышаққа» ала аламыз. Себебі бас сүйегіне біз арнайы стереотактикалық жақтауды бекітеміз.

El.kz: Шетелден келіп ем қабылдаған науқастар болды ма?

Нұрзат Сығай: Бүгінде Қазақстанда 1300-ден астам адамға «Гамма пышақпен» операция жасалды. Біз жылына 450-500 адамға операция жасаймыз. Күніне 3-4 операция жүргізе аламыз. Бұл алдыңғы қатардағы, бұрыннан келе жатқан тәжірибесі мол орталықтарға қарағанда әрі кетсе 10-20 пайыз төмен шығар. Ал жалпы алғанда біздің қарқынымыз жаман емес.

Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Украинадан келіп емделген азаматтар болды. Кеше ғана Өзбекстаннан келген 2 азаматты емдеп, шығарып салдық. Бұл медициналық туризм жағынан да үлкен жетістік деп ойлаймын.  

©El.kz/Арман МУХАТОВ

El.kz: Жалпы мидағы қатерлі ісіктің алғашқы белгілері қандай болады және оның алдын алудың қандай жолдары бар?

Нұрзат Сығай: Негізі ол оңай дүние емес. Әрбір ісік өзінің белгілерімен ерекшеленеді. Ісіктің көлемі кіші не үлкен болғанымен, функционалдық зонада орналасса, клиникалық симптомдары байқалады. Егер адамдағы қатерсіз ісіктің өсу қарқыны функционалды емес болса, онда оның ауру тарихы ұзағырақ болады. Бірақ 80 пайыз жағдайда ең алғашқы белгілері бас ауруы, бас айналуы жүректің айнуы немесе құсу түрінде байқалады. Ол қарқынды басталуы немесе бірте-бірте дамуы мүмкін. Функционалдық немесе сөйлеу қабілетіне жауап беретін орталыққа жақын орналасқан ісік болса, сәйкесінше адамның тілі күрмеленіп, сөйлеу мәнері бұзылады. Егер ісік қимыл қозғалысқа жауап беретін орталықта дамыса, науқастың аяқ-қолының әлсіздігінен күрт сал болып қалуы мүмкін. Мұндай белгілерді науқастар көбінесе инсульттің белгілерімен шатастырып жатады. Бұл симптомды «ошақтық» деп айтамыз. Ошақтық деген сөйлеу мәнерінін, қимыл-қозғалыстың, сезімталдықтың бұзылысы, көру немесе есту қабілетінің бұзылысы.

Кейбір ісіктер жылдар бойы, ал кейбіреулері өте тез арада дамуы мүмкін. Тіпті біздің тәжірибемізде сирек болса да, операциядан кейін ауруханадан шығуына дейінгі аралықта немесе 2 апта ішінде де қайтадан өсіп кеткен ісіктер де болды. Сондықтан да бұл ісіктердің заңдылықтарын түсіндіру өте қиын. Қатерлі ісіктердің даму болжамдарын ешкім білмейді. Барлық заңдылықтарына жауап беретін нақты бір себеп те болмайды. Ол полиэтиологиялық немесе көпфакторлық ауру. Көбіне бұл генетикалық аппараттың бұзылыстарынан пайда болып жатады. Бірақ, шын мәнісінде, генетикалық ақауға алып келген себеп қандай екені, өкінішке қарай, күні бүгінге дейін белгісіз.  

©El.kz/Арман МУХАТОВ

El.kz: Медицина қызметкерлері күніне орай жас мамандарға, түлектерге арналған ақжарды тілегіңіз болса...

Нұрзат Сығай: Халық аузында бізді «ақ халатты абзал жандар» деп айтады. Бұл мамандық өзінің өзектілігін ешқашан жоғалтпайды. Қазақтар болсын, басқа ұлт өкілдері болсын тілек айтқанда бірінші кезекте денсаулық тілейді. Егер денсаулық сыр берсе, адамның өмірі, барлық қызығы сол денсаулықпен бірге жоғалады. Байлығы да, жұмысы да қалады. Сондықтан да сол денсаулық сақтау саласына жолы түскен, қадам басқалы жатқан жас түлектерге, жас мамандарға ақыл-кеңесім, медицина саласының маңызы өте зор. Бұл Құдайдың өзі итермелеп, қолдайтын мамандықтардың бірі деп санаймын. Жастар бұл саланың қиындықтарына шаршамасын, мойымасын, керісінше соларға төтеп беріп, ілгері басып, әрдайым ізденсін. Бұл саланың бірден бір мақсаты – үнемі ізденісте жүру. Елімізде медицина жыл сайын өзгеріп, дамуда. Протоколдар да, емдеу жолдары да, технологиялар кеңінен енгізіліп жатыр. Сондықтан медицина қызметкері жоғары деңгейде өзін сақтап тұру үшін, әрдайым ізденісте жүріп, көзінің майы таусылғанша оқуға, талмай еңбек етуге кеңес беремін. Іске сәт!

Миражан Махан
Бөлісу: