Қазақстан медициналық-әлеуметтік кадрларды дамытуға ерекше назар аударады – ДСМ өкілі

28 Қаңтар, 22:37 783

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев ЭЫДҰ Бас директорының, ЭЫДҰ-ға мүше елдер вице-премьерлерінің, денсаулық сақтау министрлері мен вице-министрлерінің және бақылаушылардың қатысуымен «Денсаулық сақтаудың неғұрлым орнықты жүйелері үшін саясатты жақсарту» тақырыбына арналған министрліктің кездесуіне қатысты. Бұл туралы ДСМ-ге сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

COVID-19 пандемиясы денсаулық сақтау саласындағы қауіп-қатерлерге тез жауап бере алатын күшті және тұрақты денсаулық сақтау жүйелерінің маңыздылығын атап өтті. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек елдерге жаңа сын-тегеуріндерді еңсеру, денсаулық сақтау жүйесінің шамадан тыс жүктелуіне жол бермеу, халыққа қолжетімді және сапалы медициналық көмекті қамтамасыз ету, профилактикалық шараларды өткізу бойынша шұғыл шаралар қабылдауға мүмкіндік берді, - деді Т.Сұлтанғазиев.

Ол Қазақстанда МСАК-ты күшейту бойынша қабылданған шараларды атап өтті, бұл бастапқы деңгейде медициналық тиімділікті арттыруға мүмкіндік берді.

Оның айтуынша, МСАК деңгейінде емханадан бастап стационарға дейін емдеудің барлық кезеңдерінде көрсетілетін медициналық көмектің үздіксіздігі мен сабақтастығын қамтамасыз ететін, бас буын ретінде жалпы практика дәрігерін, мейіргерлерді, әлеуметтік қызметкерді және психологты қамтитын мультидисциплинарлық командалар енгізілді және табысты жұмыс істейді.

Қазақстан денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін медициналық және медициналық-әлеуметтік кадрларды дамытуға ерекше назар аударады.

Осы мақсатта, ол атап өткендей, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру жүргізілуде, медицина қызметкерлерін оқытуға арналған гранттар саны ұлғаюда, әлеуметтік кепілдіктер берілуде, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігі туралы заң әзірленуде.

Т. Сұлтанғазиев жақында Қазақстанда 2023 жылдың қазан айында МСАК бойынша Алматы Декларациясының қабылдануының 45 жылдығына және Астана декларациясының қабылдануының 5 жылдығына арналған медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық конференцияның барысында денсаулық сақтаудың осы өзекті жаһандық мәселелері талқыланғанын, сондай-ақ бұл мәселелерді ДДҰ Еуропалық өңірлік комитеттің 73-сессиясына қатысушылар көтергенін еске салды. 

Мемлекет басшысы өзінің құттықтау сөзінде Қазақстанның медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі елдер коалициясын құру жөніндегі бастамасын жариялады және елдерді денсаулықты нығайту және профилактикасы қағидаттарын ілгерілету және медициналық алғашқы көмекті дамыту жөнінде бірлескен ұсынымдар әзірлеу мақсатында коалицияға қосылуға шақырды.

Осыған байланысты біз елдерді медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі елдер коалициясын құру жөніндегі Қазақстанның бастамасын қолдауға шақырамыз, - деп түйіндеді ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: