Осы аптада елорданың «Барыс» хоккей клубының басшылығы ауысып, бас директор қызметіне Нұрлан Оразбаев қайта оралды. Жаңа басшы келе сала тілшілер қауымын жинап, баспасөз жиынын өткізді. Онда ол басшылықтың алға қойған жоспары мен мақсаттары туралы сөз қозғады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
– Спорт министрлігі және клубтың бас демеушісі – «Спортты дамыту қорының» өкілдерімен өткен кездесуде маған «Барыстың» тізгінін қайту алу туралы ұсыныс жасады. Маған картбланш берілді, яғни талаптарым толық орындалатынын алға тартты.
Біз Ғалым Мәмбеталиевпен үш жылдық келісімшартқа қол қойдық. Осы орайда Вячеслав Буцаевке ерекше алғысымды айтқым келеді, ол ешқайда кеткен жоқ – клубта қалады, аға жаттықтырушы болады, сонымен қатар Евгений Королев пен Олег Ромашко да бізбен бірге. Жаттықтырушылар штабына Ерлан Сағымбаев қосылады. «Снежные Барсы» командасын Андрей Шаянов басқарса, «Номадқа» Георгий Верещагин тағайындалды, Талғат Жайлауов та сол жерде жұмыс істейтін болады, оған әлі де тәжірибе жинау қажет.
Ойыншыларға келсек, біз бүгін Даниил Апальков және Владислав Кодоламен келісімшартты үздік. Сонымен қатар, солтүстікамерикалық легионерлермен келісімшарт бұзылғаны туралы туралы олардың агенттеріне хабарлама жібердік. Қатарда тек швед Матссон, Бурдасов, Николишин, Жафяров, Сетдиков, Бочаров, Камалов, Антипин және Хохлов қалды. Басқа ойыншылардың барлығы – ұлттық құрамаға үміткерлер, өз шәкірттеріміз.
– «Барыстың» қазіргі жағдайы өте күрделі. Бұл дағдарыстан шығудың жолы қайсы?
– Басты мақсат – өз хоккеймізді қорғап қалу, ҚХЛ деңгейіне жету. Біз ресейлік хоккей лигасында ойнаймыз, ал ол хоккейдегі топ екіге кіреді. Қазір өте төмен сатыда келеміз, сондықтан деңгейімізді барынша көтеруге тырысамыз, тым құрығанда ҚХЛ ойыншыларының орта деңгейіне жетуіміз керек. Осыдан кейін, қажет болған жағдайда ғана, құрамнан орын алуға тырысатын легионерлерді шақырамыз. Мақсатымыз – өз ойыншыларымызға барынша үміт арту, олар жауапкершілікті толыққанды түсінгенін қалаймыз. Қазір бәрі солардың қолында. Бар назарды даярлық жұмыстарына аударып жатырмыз, сол жұмыстың арқасында олардың да деңгейі өсуі қажет. Ресейде хоккей қалай қорғалатынын өздеріңіз де көріп отырсыздар, ҚХЛ-да 21 клуб ойнайды, биылдан бастап небәрі бес легионерге рұқсат берілсе, қалғанының барлығы жергілікті ойыншылар. Бүкілресейлік хоккей лигасында 40-қа жуық команда бар, ол жақта легионерлердің жоқтың қасы.
– Клубтың саясаты отандық ойыншыларға басымдық беруге бағытталған ба?
– Олардың жалпы деңгейін көтеруді қалаймыз, біз фарм-клубтардан ойыншылар алдырттық, соған қарамастан «Снежные барсы» командасының жас хоккейшілеріне орын қалдырып қойдық. Жоғарыға қарай қозғалыс жүріп жатыр. Клубтағылардың, екіжақты келісімшарты бар ойыншылардың бәрін көтердік.
– Легионерлер тарапынан айтылып жатқан сын қаншалықты орынды деп ойлайсыз?
– Кез келген адам өз ойын айтуға құқылы. Біз легионерлерден олардың деңгейі төмен болғандықтан бас тартқан жоқпыз, біздің жоспар – өз жігіттерімізге мүмкіндік беру. Олар тек ойнап қана қоймай, жоғары деңгейде тұруы керек.
– Клубтың бас бапкері Ғалым Мәмбеталиевке қатысты да түрлі пікір айтылып жатыр. Таңдаудың неге ол кісіге түскенін түсіндіріп өтсеңіз.
– Өз басым бапкер қазақстандық маман болуы керек деп санаймын. Қазіргі отандық мамандардың арасында дәл осы Ғалым Мәмбеталиев бас бапкер болуға лайықты. Мәмбеталиев мықты мектептен өтті, Новосибирскіде Тарасов мектебінің бапкерлерімен бірге жұмыс істеді. Кезінде оны «Трактор» да шақырған.
– Қазақстандық ойыншылар демекші, ҚХЛ-дағы өзге клубтарда өнер көрсетіп жүрген отандық хоккейшілерді елге қайтарасыздар ма?
– ҚХЛ-да неғұрлым көп ойыншы жүрсе, соғұрлым бізге жақсы. Никита Михайлис «Металлургте» ойнай берсін, басқалары да өзге лигаларға барып өнер көрсетсін, сонда біздің құрамамыз мықты болады. Никита Магнитогорскіге кету арқылы жастарға орнын босатып берді.
– Бас менеджер қашан тағайындалады, жалпы тағайындала ма?
– Бас менеджерге қажеттілік көріп тұрған жоқпын. Барлық жерде келісімшарттарға өзім қол қоямын. Іріктеуде ешқандай өзгеріс болмайды, біз керекті ойыншыларды қалдырдық. Ресейлік хоккейшілер қатарда қалды, өйткені бізге тәжірибелі ойыншылар қажет, жастар соларға қарап өседі ғой. Олардың тәжірибесі мол және орыс тілінде қарым-қатынас жасау барлығына ыңғайлырақ болады.
– Келісімшарттардың мерзімінен бұрын бұзылуы біраз қаражатты шығындайтын секілді...
– Керісінше, біз көп қаржы үнемдей алдық, келісімшарттың толық құнын емес, тек 50 пайызын төлейміз. Олар кәсіби спортшылар ғой, бәрі заң аясында, мұндай шешім қабылдауға біздің толық құқығымыз бар. Өтемақыларын төлейміз, оларға мұның бәрі ойынның өзіне қатысы жоқтығын түсіндірдік. Артқа шегініс жасау керек, бірақ өз басым мұны шегініс деп те санамаймын.
– Қазақстанның басқа клубтарынан да ойыншылар шақырасыздар ма?
– Қазақстанның өтінімінде 30 адам болса, соның ішінде 15-і – қазақстандық, бірақ көріп отырғанымыздай, олар негізгі құрамның ойыншылары емес, 4-5-сатыдағы ойыншылар. Біз лиганы 2000 жылдардан бастадық, клуб басшыларынан ойыншылар сұрағанымызбен, бізге ешкім тауып бере алған жоқ. Біз Қазақстан лигасын толығымен жабуымыз керек, жүз пайыз қазақстандықтар болуы керек деп санаймын. 90-шы жылдары ойыншылар болған жоқ, есесіне 1995 жылдан бастап 2005 жылға дейін жыл сайын 6-7 команда шығарылады. Олар жұмысқа орналасуы керек қой. Бұл ақша үнемдеудің жолы және барлық клуб тең жағдайда болады деген сөз, мейлі командалар жасара берсін, есесіне олар кейін дамиды. Қазақстандықтардың арасынан көшбасшыларды атау керек десе, кім есіңізге түседі? Иә, Борисевич бар, бірақ ол жалғыз өзі. Ал біз барлық клубтағы қазақстандық ойыншылар негізгі рөлде болғанын қалаймыз. Қазақстан лигасында қазақстандықтар ғана ойнауы керек деп санаймын. Біз өз хоккейімізді қорғауымыз керек.
– Солтүстікамерикалықтардың барлығымен келісімшартты бұздыңыздар. Бірақ Маклаудты неге қалдырмадыңыздар? Оның нәтижесі де, көрсеткіштері де тәп-тәуір болатын.
– Маклаудқа келсек, бұл жерде мәселе спорттық принципте емес. Оның Солтүстік Американың кез келген жерінде жұмыс істеуге рұқсаты бар деп ойламаймын.
– «Номад» Бүкілресейлік хоккей лигасына оралуы мүмкін бе?
– Жоқ, бұл мәселе қарастырылып жатқан жоқ. Біз қазір ішкі чемпионатты дамытуымыз керек.
– Клубта экипировка мәселесі қаншалықты шешілді?
– Иә, ондай мәселенің бары рас. Клубтың бюджеті үлкен, шығыны көп. Легионерлердің өздеріне қаншама қаражат кеткен. Форма бойынша сөйлестік, жеткізушімен келістік, ол бізге алдын ала төлемсіз киімдерді дайындап беретін болды.
– Олег Болякиннің тарапынан реніш болған жоқ па?
– Жоқ, қарым-қатынасымыз жақсы, одан орнын босатуды «Спортты дамыту қоры» талап етті. Бұл қордың қалауы.
– Өзгерістерге тоқталсақ, тағы қандай департаменттер өзгеріске ұшырайды?
– Бұл енді алдағы уақытта шешілетін дүние, алдымен спорттық мәселелерді шешіп алуымыз керек.
– Сіз басшылық еткен тұста Борис Иванищев вице-президент қызметін атқарды, алдағы уақытта ол қатарға қосылуы мүмкін бе?
– Борис Анатольевич келіп, тағайындалуыммен құттықтап кетті. Ол кісі демалғысы келеді, шыны керек, оның шаруасы шаш етектен.
– Өзіңіз шешім қабылдамас бұрын ұзақ ойландыңыз ба? Қандай сезімде болдыңыз?
– Мен үшін өте қиын шешім. Соңына дейін келіскім келген жоқ, былайша айтқанда, үйден қинап шығарып жіберді ғой. Әбден жайлылыққа үйреніп қалыппын.
– Сонда не әсер етті?
– Біріншіден, мен спорт министрімен қол алыстым. Сөзден тайғаным жарамас дедім.
– «Номад» құрамында қандай өзгерістер болуы мүмкін? Қазақстанның азаматтығы жоқ ойыншылардан «Номад» та бас тарта ма?
– Хоккейшілер кәсіби спортшылар ғой, бұл барлық командада бар, кез келген лигада болып жатқан дүние. Біз регламентті бұзған жоқпыз, олар өтемақысын алып жатыр. Кез келген клуб келісімшартты бұза алады. ҚХЛ-да легионерлердің құрамға ілікпейтін кездері де жиі болып тұрады. Біз халықаралық деңгейге ұмтылуымыз керек.
– 1995-98 жылдардағы ойыншылар туралы айтып қалдыңыз, алайда олардың көпшілігі карьерасын аяқтаған. Осы орайда отандық хоккейшілермен ғана чемпионатты жаба аламыз ба деген сұрақ туындайды.
– Бұл жерде еш мәселе жоқ деп ойлаймын. Қазір 2005 жылғылар келіп жатыр, солардың арасынан 200 ойыншыны аламыз. Қазір ойнап жатқандарға мүмкіндік береміз, маусымды бұза салуға болмайды. Бірақ келесі маусымнан бастап толықтай жабамыз. Бүкілресейлік хоккей лигасы ешкімді кіргізбейді ғой. Қазақстандық лига – бұл ішкі чемпионат. ҚХЛ ашық чемпионат бола тұра онда легионерлер саны аз.
– «Барыстың» алдына биылғы маусымға қандай міндет жүктеліп отыр, нақты тапсырма бар ма?
– Біз олардың жалпы деңгейін көтеруіміз керек, тиісінше әрбір матчта жеңіске жетуіміз қажет және плей-оффке шығу міндеті тұр. Бірақ біз шындыққа тура қарай аламыз, қазіргі күйді көріп отырсыздар ғой. Ойыншыларымызға ұнамайтын тұстарды айттым. Бұған легионерлер кінәлі емес, біздің жігіттер солармен таласып, өз орындарына ие болуы керек. Жаттығуда көрсетсін. Қазіргі балаларды білмеймін, біздің кезімізде киім ауыстыратын бөлмеде кәдімгідей текетірес болатын. Тілшілер төбелес болды деп жазсын. Бұрын бапкерлер жаттығуда төбелес бола қалса қуанатын.
– Андрей Буяльский орала ма?
– Бұл бапкерлерге қойылатын сұрақ. Біз келісімшартты бұзғанбыз. Оның қазақстандық төлқұжаты бар ма еді?
– Иә.
– Келісімшарты болмаса, онда бұл мәселені талқылап көруге болады. Себебі қазір бізге Буяльский секілді хоккейшілер қажет.
– Ал Шутов ше, ол келуі мүмкін бе?
– Оның Словакияда келісімшарты бар, бірақ өз басым оның командаға қосылғанын қалаймын. Ол туралы сөйлескенбіз. Оның талаптарын қарастырып көру керек. Жуық арада келіссөздерді бастап та кетерміз.
– Болашақта легионерлерге іздеу салуыңыз мүмкін бе?
– Мұндай жоспар жоқ. Себебі біз бар назарды фарм-клубтарды өсіруге аударамыз, бірінші командаға ойыншылар дайындау деген жоспар қойып отырмыз. Мәселе нәтижеде емес, жаттығу процесі маңыздырақ, ол жақта бірінші командадағыдай жұмыс істелінуі керек.
– «Барыс» ойыншылары Азия чемпионатында құрамаға қосыла ма?
– Қазақстан чемпионатынан ойыншылар болады деп естігенмін. Тиісінше ҚХЛ-да өнер көрсететін хоккейшілер ҚХЛ-да ойнайды.
– Ғалым Мәмбеталиев ұлттық құрамадағы жұмысын қатар алып жүре ме?
– Ғалым Мәмбеталиев «Барыстың» бас бапкері, сондықтан құрамада жұмыс істемейді. Ол 12 ай бойы клубта еңбек етіп, командамен жұмыс істейді. Екі қызметті қатар алып жүру өте қиын, әсіресе психологиялық тұрғыда ауыр тиеді. Менің ойымша, Қазақстан құрамасының бас бапкері құрамамен жыл бойы жұмыс істеуі керек. Ұлттық құрама мен жастар құрамасындағы жұмысты қатар алып жүруге болады, кейбір елдерде осындай үрдіс бар.