Қазақстан күрестен әлем чемпионатында алтын алды

20 Тамыз 2023, 22:26 1267

Иордания астанасы Амманда күрес түрлерінен 20 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бүгін Қазақстан құрамасы алғашқы алтын жүлдесін еншіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Грек-рим күресінен 55 келіге дейін салмақта белдескен Исхар Құрбаев қарсылас шыдатқан жоқ. Ол алдымен Түркиядан келген Эмре Мутлунды үйіне қайтарса, одан кейін түрікмен Абдували Рахимбаевты жеңді. Сосын жартылай финалда қырғыз мықтысы Нуристон Суйоркуловтың осал тұсын тапты. Шешуші кезеңде әзірбайжандық Фарид Садихлиге мүмкіндік қалдырған жоқ. Қорытынды есеп – 5:1.

Осының алдында еркін күрестен 92 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Ризабек Айтмұхан күміс жүлдеге қол жеткізген еді.

Сөйтіп араға 7 жыл салып, отандастарымыз алтын алды. Бұған дейін 2016 жылы Франция жерінде Темірлан Шадукаев топ жарған.

Берік Арманов
Бөлісу: