Қазақстан Кореядағы Халықаралық полиция саммитіне қатысты

20 Қазан 2023, 22:12 842

Ішкі істер министрі Ержан Саденов бастаған Қазақстан ІІМ делегациясы Сеулдегі Халықаралық полиция саммитіне қатысты. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Саммитте халықаралық ынтымақтастық, қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл, полициядағы заманауи өзгерістерге ден қою, кешенді жан-жақты ынтымақтастықты қалыптастыру мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ ғылымға негізделген және қоғамға бағытталған полиция стратегиясын жетілдіру, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін әртүрлі жағдайларда төзімділікке үйрету және тәрбиелеу жөніндегі сұрақтар қаралды.

Қазақстанның ІІМ басшысы өз сөзінде көтерілген мәселелердің маңыздылығын, сонымен қатар ішкі істер органдарының әріптестікке ашықтығын атап өтті.

Халықаралық іс-шараға 30-дан астам елдің полиция ведомстволарының, сондай-ақ Интерпол, Еуропол, Біріккен Ұлттар Ұйымының бейінді басқармасының басшылары қатысты.

Шара қарсаңында саммитке қатысушы делегация басшыларының Корея Республикасының президенті Юн Сок Ельмен кездесуі өтті.

Берік Арманов
Бөлісу: