Қазақстан көмірін Ресей арқылы тасымалдау мәселесі талқыланды

1 Ақпан, 20:20 2293

Алматыда премьер-министр Әлихан Смайылов пен Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустиннің кездесуі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Келіссөздер Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының қарсаңында өтті.

Тараптар сауда, инвестиция, өнеркәсіптік кооперация, энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы және білім беру салаларындағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.

Атап айтқанда, қазақстандық көмірді РФ аумағы арқылы тасымалдау, сондай-ақ қазақстандық тасымалдаушылардың Ресейге кіруіне қатысты проблемаларды шешу мәселелері жан-жақты талқыланды.

Екі мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында ҚР мен РФ арасындағы қарым-қатынастар өзара сыйластық қағидаттары негізінде ілгері дамып келе жатыр.

Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі. Бұған өткен жылдың 11 айындағы көлемі $24 млрд болған сауда айналымы дәлел, — деді ол.

Үкімет басшысының айтуынша, Қазақстан өңіраралық және шекаралық ынтымақтастықты дамытуға үлкен көңіл бөледі. Бұл бағытта Өңіраралық ынтымақтастық форумы тиімді алаң болып табылады.

Биыл түрлі деңгейдегі өзара байланыстар мен бірлескен іс-шаралар көп болатынына сенімдімін. Қазақстан Үкіметі барлық сала бойынша толық форматты және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға дайын, — деді Әлихан Смайылов.

Михаил Мишустин дәстүрлі қонақжайлылық үшін алғысын білдіріп, Ресей Қазақстанмен өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайтуға аса мән беретінін атап өтті.

Біз өнеркәсіп, машина жасау, энергетика, мұнай-химия, көлік инфрақұрылымы, цифрлық экономика және басқа да көптеген салаларда ірі инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асырып жатырмыз. Біз жаңа өндірістік тізбектер құрылысын жеделдетуді ұсынып отырмыз. Бұған Ресей мен Қазақстанның экономикалық, өндірістік және технологиялық әлеуеттерінің өзара бірін-бірі толықтыруы жақсы негіз болып табылады, — деді РФ Үкіметінің төрағасы.

Перизат Саденова
Бөлісу: