Қазақстан кәсіби спортқа ақша құюдан алдына қара салмай тұр - депутат

Бүгiн, 14:33 170

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев ҚР премьер-министрі Олжас Бектеновке Қазақстандағы спорт саласын қаржыландыру мәселесін көтеріп, сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілісменнің сөзінше, соңғы 6 жылда Қазақстандағы спорт саласын қаржыландыруға шамамен 1,4 триллион теңге жұмсалды.

Бюджеттен осы  және алдағы екі жылда тағы 1,3 триллион теңге бөлу жоспарланған. Басқасына бас қатырмаса да Қазақстан кәсіби спортқа ақша құюдан алдына қара салмай тұр, Орта Азия елдерін озғаны аздай, Канада, Норвегия, Нидерланды да біздің шашпалыққа жете алар емес. Бірақ әлемдік спорт рейтингінде Қазақстан 2014 жылы 25-орында болса, 2023 жылы 42-орынға түсіп қалды. Мұның басты бір себебі, спорт түрлерінің сараланбауы. Мәселен, жоғары жетістіктер спорты ретінде қаржыландырылатын бағыттардың 60%-ы Олимпиадалық емес. Бірақ олар бюджеттен ауқымды ақша алып келеді. Мәжілісте қаралып жатқан «Спорт  туралы» заң жобасында біз осы олқылықты тоқтату үшін, жоғары жетістіктер спортының нақты анықтамасын жазып, бекіттік. Яки, енді жоғары жетістіктер спортына - Олимпиада, параолимпиада, сурдлимпиада, азия, параазия және ұлттық спорт түрлері ғана енеді. Бұл бүгінге дейін тіркеліп кеткен 180-нен астам спорт түрін 3 есе қысқартуға мүмкіндік береді, - деді ол.

Депутаттың сөзінше, осы тұста бюджеттің бүйірін теспей сорып үйренгендер ақпараттық шабуылға көшіп, мемлекет спортқа ақша бөлуді тоқтатып саланы тұралатып тастамақ деген жалған айыптаулар таратумен әлек.

Біз тек жемсауы асауды білгенмен спорттық жетістік жасауды білмейтін салаларға бүгінге дейін бөлініп келген есепсіз ақшаның жолын кесуді мақсат тұттық. Мәселен соңғы 6 жылда 49 млрд теңге  алған «Барыс» хоккей клубы, соңғы 6 жылда 50 млрд теңге алған «Астана» футбол клубы сынды командалардың әр тиын үшін есеп беретін күні тууы тиіс. Осынша ақша алғанына қарамастан аталған командалардың өз инфрақұрылымдары жоқ, салмаған. Бір ғана «Астана» футбол клубы алты жыл ішінде тек футбол алаңдары мен ғимараттарды жалға алуға 1,4 млрд теңге жұмсаған, - дейді мәжілісмен.

Осы тұста кей спорттық ұжымдар жауапкершіліктен сытылу үшін қаржыны бюджеттен емес, квазимемлекеттік сектордан алдық деген ақпарат айтады.

Мысалы, 2023 жылы «Ақтөбе» футбол клубы 1,8 млрд теңге қаржы алса, 2024 жылы 3,6 млрд теңгеге қаржыландырылған. «Астана» футбол клубының 2023 жылы алған қаржысы 5,2 млрд теңге болса, 2024 жылы 5,3 млрд теңгеге жеткен. «Жеңіс» футбол клубы 2023 жылы 500 млн теңгеге алса, 2024 жылы 1,5 млрд теңгеге қаржыландырылған. «Ордасы» футбол клубының алған қаржысы 2023 жылы 5,6 млрд теңге, 2024 жылы 5,3 млрд теңге болған. Жалпы 2024 жылы Қазақстандағы 13 футбол клубын қаржыландыруға 27,3 млрд теңге жұмсалған. Бұған 2023 жылдың өзінде «Спорт қорынан» 6 млрд теңге алған «Астана» велокомандасымен, 1,3 млрд теңге алған «Астана» баскетбол клубын қосыңыз, - дейді Сәрсенғалиев.

Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан 126 шетелдік спортшыға азаматтық берген, бірақ олардың әрбір екіншісі кейін өз еліне қайтып кеткен. Бұл мәселені Мемлекет басшысы да қатаң сынға алған болатын.

«Спорт туралы» заңды халықтың мүддесі үшін қарап, түзетіп жатқан Мәжіліс пен Туризм және спорт министрлігіне ақпараттық шабуыл жасағандар «бұл заң бұқаралық спорт пен балалар спортын қаражатсыз қалдырады» деген ақпарат таратуға көшіпті. Бұл да жалған. Қазақстан жоғары жетістіктер спортына 340 млрд теңге жұмсаса, бұқаралық спортқа 35 млрд теңге ғана жұмсаған, яки 9 есе аз. Сондықтан қазір Мәжілістегі спорт туралы заң жобасында бюджет қаражатының нақты қай бағытқа жұмсалатыны жазылған, сол нормада бұқаралық спорт бірінші боп тұр. Бұдан бөлек кей федерациялардың заң жобасы енді спорт түрлерін шектейді дегені де шындыққа жанаспайды. Себебі заң жобасында 1 федерацияда 1 спорт түрі ғана болады деп жазылды, бұл бір жүйені қалыптастыру үшін керек. Себебі кей федерациялардың құрамына 5-10 спорт түрі тіркеліп кеткен, - деді депутат.

Нартай Аралбайұлының ұсыныстары мынандай:

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: