«Қазақстан халқына» қоры мен Тұрақты білім беруді дамыту қорының «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық бағдарламасы аясында Бөрлі ауданы Ақсай қаласының №5 жалпы білім беретін мектебінде 35 оқу кабинеті мен шеберханасы жаңартылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Робототехника және информатика кабинеттері, Intellectum холл, STEM-зертхана, ART-студия, телестудия ашылды. Мектеп кітапханасы мұғалімдер, оқушылар және тіпті ата-аналар үшін қосымша білім беру ресурстық алаңына айналды. Бағдарлама үздік педагогикалық тәжірибелер мен әдістемелерді енгізу, тірек мектептерді қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету арқылы аумақтық және әлеуметтік-экономикалық белгілер бойынша білім беру сапасының алшақтығын қысқартуға жәрдемдесуге бағытталған.
«Бүгінде ауылдық және қалалық мектептер арасында алшақтық байқалады. Білім беру сапасы, әсіресе, ауылды жерде төмендеп келеді. Бұл мәселені жүйелі және кешенді шешу үшін «Қазақстан халқына» қоры серіктестермен бірлесе ауылдық тірек мектептерді дамыту туралы шешім қабылдап, олардың іс жүзінде құзыреттілік орталықтарына айналып, басқа мектептердегі оқыту сапасын арттыруға ықпал етуі керек. «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында біз 17 ауылдық тірек мектептерді жабдықтаймыз және оларға әдістемелік қолдау көрсетеміз. Бүгінгі таңда өңірлерде 10 мектеп жарақтандырылды. Осылайша ол оқу орындарындағы білім мен дағдылар жақын маңдағы шағын комплектілі мектептерге бағытталады. Өйткені, бұл мектептерде материалдық-техникалық база мен кадр мәселесі өте өзекті», - деп атап өтті «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.
Материалдық-техникалық базаны жаңарту Қор қаражаты есебінен жалпы сомасы 249,8 млн теңгеге жүзеге асырылды. Донорлардың бірі Қорға қаражатын жіберген «Beeline Қазақстан» компаниясы.
«Бізге жаңа мектебіміз ұнайды. Барлығы әдемі, көптеген құрал-жабдықтар бар. Үзіліс кезінде біз түрлі ойындар ойнаймыз. Кітапханада кітап оқумен бірге, ойнаймыз, уақытты тиімді өткіземіз. Біздің мектеп – ең үздік», - дейді 3-сынып оқушысы Дана Анарбекова.
Сонымен бірге, жобаның серіктестері – Білім беруді тұрақты дамыту қоры мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ мектептегі білім беру ортасы мен оқыту сапасын талдау бойынша жұмыстарды аяқтады. Осы талдау нәтижелері негізінде мектепті дамыту, білім беру сапасын арттыру бойынша ұсыныстар тізбеленді, сондай-ақ мұғалімдерге қажетті біліктілікті арттыру курстары анықталды.
«Жобамыз бес міндетті орындап отыр. Олар – ауылдық мектептерде оқыту технологияларын жетілдіру, тірек ауылдық мектептерді материалдық-техникалық жарақтандыру, тірек мектептердің тәжірибесін өңір мектептеріне, оның ішінде шағын жинақты мектептерге тарату. Төртіншісі – мектепті ауылдың комьюнити орталығы ретінде дамыту. Бесінші – жауапкершілік пен бей-жай қарамаушылық сияқты қоғамдағы мінез-құлықтың жаңа моделін моделін белгілейтін құндылықтардың дұрыс жүйесі бар қамқор қазақстандық қоғамдастықты қалыптастыру», – дейді Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.
Еске салсақ, Қор «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында 17 ауыл мектебін жабдықтауды жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа 4 млрд 250 млн теңге (1 мектепке шамамен 250 млн теңге есебінен) бөлінген.