Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл

Бүгiн, 11:50 236

Биыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Бұл ұйым 1995 жылы құрылып, елдегі түрлі этностар мен мәдениеттердің ынтымақтастығын, бірлігін нығайтуға бағытталған маңызды институтқа айналды. Оның басты мақсаты – елімізде барлық этностар мен ұлттардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, қоғамдық келісімді қолдау және мәдени көптүрлілікті сақтау. Осы мерейтой аясында елде түрлі мәдени іс-шаралар мен форумдар ұйымдастырылмақ.

Алғашында оның мәртебесі Президент жанындағы консультативті-кеңесші орган болып бекітілді. Деседе ассамблея аталған мәртебеден де мықты құқықтық негізі мен қоғамдық-саяси мәртебесі бар конституциялық органға дейін өсті. Мемлекет басшысы Ассамблея ұсынған Парламент Сенатының 5 депутатын тағайындайды. Ел аумағында мыңнан астам этномәдени бірлестіктер, аналар кеңесі және ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді.

Одан бөлек, Президент тапсырмасымен құрылған «Ассамблея жастары» бірлестігі мен медиация кеңесі белсенді жұмыс істейді. Өңірлерде ашылған Достық үйлері де этномәдени бірлестіктердің ғана емес, жергілікті қауымдастықтың, үкіметтік емес ұйымдар мен жастардың ортасына айналды. Еліміздің барлық өңірлерінде ҚХА Журналистер клубы және этникалық БАҚ жұмыс істейді.

Жиырма жылдық тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Оның дамуы барысында Н.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде Ассамблея ел Президенті Төрағалық ететін конституциялық орган болып табылады. Бұл оның ерекше мәртебесін айқындайды.

Ассамблеяның қызметі

Бұл бірегей институт еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуының мақсатына айтулы үлес қосып келеді.

Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады.

Бүгінде республикада Қазақстан этностарының мәдениеттері, тілдері, дәстүрлерінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. Этномәдени бірлестіктердің өзінің саны тұрақты өсуде.

Қазақ және орыс театрларын қоспағанда елімізде тағы төрт ұлттық – өзбек, ұйғыр, корей және неміс театрлары жұмыс істейді. Әр жыл сайын Қазақстан этностарының тілдерінде бірнеше ондаған жаңа кітаптар жарық көреді. Жыл сайынға халықтық мерекелер Наурыз, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі, масленица, сабантой дәстүрге айналды.

Егер мемлекеттің қалыптасу кезеңінде басты міндет этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісім негізінде қоғамды ұйыстыру болса, ел дамуының жаңа кезеңінде, стратегиялық басымдық ретінде, қоғамның барлық азаматтары мойындаған ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесіне негізделген ұлт бірлігіне жету болып табылады.

Сондықтан 2010 жылы сәуірде азаматтық қоғам мен мемлекеттік институттардың, азаматтардың сындарлы ұсыныстарын жинақтаған Қазақстанның ел бірлігі доктринасы қабылданды. Қазақстанның ел бірлігі доктринасы – халықтың, уақыт талабына сәйкес, бірігу қажеттігін түсінуіне негіз. Бұл – бізді қандай күш біріктіреді және біртұтас етеді - соны түсінудің тәсілі. Бұл – болашаққа бірігіп ұмтылудың серпіні.

Ассамблея туралы Заң

2008 жылғы 20 қазанда Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңына қол қойылды. Осы заң этносаралық қатынастар саласындағы негізгі принциптерді айқындай отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның құрылымдарының мәртебесін заң деңгейінде бекітті. Этносаралық қатынастар субъектілерінің жұмысының елімізде жүргізіліп келе жатқан саяси бағытпен үндес жаңа жүйесін қалыптастырды.

Заң Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыруға, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, мемлекеттік және қоғамның азаматтық институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

Заңға сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясы ол – заңды тұлға құрылмай, Қазақстан Республикасының Президенті құратын, мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ететін мекеме.

Ассамблеяның мақсаты қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық азаматтық бірегейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде Қазақстан Республикасында этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады.

Ассамблеяның негізгі міндеттері

Ақпарат және мәдениет министрлігінің мәлімдеуінше, Ассамблеяның 30 жылдығын мерекелеу аясында елімізде және шетелде түрлі форматтағы 150-ден астам іс-шара ұйымдастыру және кемінде 1,5 млн адамды қамту жоспарланып отыр.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: