Қазақстан халқы Ассамблеясының ел өміріндегі рөлі қандай?

25 Қаңтар, 10:19 44

Түрлі этникалық топтардың мәдениеті мен тілін сақтап, дамытуға қолдау көрсетіп, Қазақстанның әлеуметтік-саяси өміріне белсене араласып, елімізде ұлттық бейбітшілік пен татулықты қамтамасыз етуді мақсат еткен Қазақстан халқы Ассамблеясына биыл 30 жыл толды.

Осы уақыт арасында ассамблея еліміздегі көптеген этникалық топтардың өкілдерін біріктіріп, олардың ортақ мүдделерін қорғауға, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға ықпал етті.

Тамыры 1995 жылдың 1 наурызынан бастау алған ұйымның 30 жылдығы елдегі этносаралық келісім мен бірліктің маңызды символына айналып, Қазақстан халқының бірлігін көрсететін атаулы мереке. Бұл уақыт ішінде ассамблея түрлі жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асырып, қазақ жерінде тұратын барлық халықтардың үйлесімді өмір сүруін қамтамасыз ету жолында үлкен жетістіктерге жетті. Оның жұмысы Қазақстанның көпэтностық және көпмәдениетті қоғамын нығайтуда маңызды рөл атқарды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерінің пікірлері мен көзқарастары ұйымның маңыздылығын толықтыра түседі. Ассамблея мүшелері әртүрлі этникалық топтардың өкілдері болғандықтан олардың пікірлері еліміздегі ұлттық келісім мен бірліктің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы 30 жылдан бері біздің халқымызға қызмет жасап келе жатқан өте маңызды институт деп айтсам болады. Ассамблея аясында қаншама этномәдени бірлестіктердің басы қосылып, түрлі қоғамдық ұйымдар құрылып, бірлікті күшейтуге және оны әрі қарай дамытуға өз үлесін қосуда. Біз бір-бірімізге деген құрметімізді сақтап, әр ұлт өкілдері бір халық болып бір шаңырақастында өмір сүріп келеміз. Енді осы бірлікті әрі қарай сақтап, дамыту жолында Ассамблея өз жұмысын тоқтатпақ емес. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының бірнеше бағыттары бар. Мәселен, жастарға тәлім-тәрбие беру жолын «Ақсақалдар кеңесі» және «Аналар кеңесі» арқылы сабақтастырып отырмыз. Осы жылды біздің жұмысымыздың барысын талқылап, қандай жаңалық әкелуіміз керек, осы жұмысқа қандай өзгеріс керек деген мәселелерді қозғап, әр түрлі ғылыми конференциялармен және дөңгелек үстелдермен бастадық. Биылғы жыл еңбек адамы жылы болып жарияланғаны белгілі Сондықтан бір Ассамблеяның биылғы жұмыстарын осы бағытпен де байланыстырамыз. Соның аясында елдегі тер төгіп жүрген әр түрлі этнос өкілдерінің ел үшін атқарған ерен еңбектерін көрсетіп, жастарды отансүйгіштікке баулу жолында қызмет атқарамыз, – деді ҚХА Медиация кеңесінің төрағасы, Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы, Ұлттық Құрылтай мүшесі Шерзод Пулатов.

Ассамблея мүшелері елімізде көпұлтты қоғамның қалыптасуына өз үлестерін қосып, Қазақстанның экономикалық және мәдени дамуында маңызды рөл атқаратынын айтады. Олар Ассамблеяның жұмысы тек этносаралық келісімді сақтап қана қоймай, ұлттық сәйкестілікті нығайтуға да ықпал етеді дейді.

Қазақта «еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деген сөз бар ғой. Қазақтың ең басты құндылығы да сол жұрттың тыныштығы. Қазақстан халқы ассамблеясының басты мақсаты да елдің тыныштығы мен тұрақтылығын сақтау жолында қызмет ету. Қазақ жерінде жүзден астам этнос өкілдері тұрады. Олардың бәрі тату-тәтті, бір-біріне деген құрметін сақтап ғұмыр кешуде. Сол бірліктің қалыптасуына және сақталуына Ассамблея жұмысының әсері мол, – деді «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты» ЖШС директоры Талғат Қалиев.  

Иә, 30 жыл ішінде Ассамблеяның бастамасымен көптеген маңызды жобалар жүзеге асырылып, ұлттар арасындағы достықты нығайтуға бағытталған шаралар ұйымдастырылды. Бұл мерейтой Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағының құндылығын тағы да паш етеді. Бүгінде әртүрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері ортақ мақсатқа елдің жарқын болашағына жету үшін бірлесіп жұмыс істеуде. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы ұлтаралық қатынастардың берік негізін қалап, елімізді алдағы уақытта да толеранттылық пен келісімнің ошағы ретінде дамытуға бағытталған үлкен қадам деуге болады. Ассамблеяның негізгі рөлі де осы болмақ.

 

Ынтымақ Толқын
Бөлісу: