Қазақстан халқы Ассамблеясына үлкен міндет жүктелді - Алишер Сатвалдиев

25 Сәуір, 15:10 1427

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының отырысы өтті. Сессияда Президент көтерген өзекті мәселелер жайлы сенат депутаты Алишер Сатвалдиев пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚХА сессиясында мемлекет басшысы елімізде болып жатқан  су тасқынына ерекше назар аударды. Тасқын судан зардап шеккен халық көмексіз қалмайтынын жеткізді. Сенат депутаты Алишер Сатвалдиев осы мәселеге байланысты Қарағанды мен Ақмола облысындағы су басқан үйлердің ахуалын көріп келгенін айтты. 

Екі апта бұрын су басқан аймақтардағы жағдайды көріп келдім. Сол кездің өзінде есептеу комиссиялары жұмыс жүргізіп жатқан. Бұл су басқан өңірлерде жұмыс басталып кетті деген сөз. Азаматтардың бірқатары Маңғыстау облысына қоныс аударып, үй сатып алып жатыр. БҚО,СҚО және Атырау облысындағы бірқатар елді мекендегі судың беті әлі қайтқан жоқ. Тіпті, осы күндері Батыс Қазақстанда су тасқынының шарықтау шегі болады деген болжам айтылып отыр. Су беті қайтқаннан кейін өңірлерде үйлердің құрылысы басталады, - деді сенатор.

Депутат бұған дейін тиісті мамандардың «су тасқыны» мәселесіне бей-жай қарағанын айтады. 

Бүгін ҚХА сессиясында мемлекет басшысы: «Өзен жағасына үй салу қауіпті, оны қайтадан су шайып кетуі мүмкін екенін ескерген жөн. Сондықтан құрылыс салатын жерді таңдағанда елді мекеннің гидрологиялық және географиялық ерекшелігін қаперде ұстаған абзал. Әкімдіктер тиісті ереже талаптарын қатаң сақтауға тиіс. Алдағы ауқымды құрылыс жұмыстары жұртқа жаңа мүмкіндіктер береді деп ойлаймын» деді. Бұны мамандар бұған дейін де айтып жүрді. Бұл жерде су басудың бір кінәлігі өзімізде де бар. Біздікілер бұл мәселеге «пысқырып та» қараған да жоқ. Мемлекет, әкімдіктер және жеке азаматтар тарапынан жер сатылып, үйлердің көбісі өзен жағасына салынып кетті, - деді Сатвалдиев.

Алишер Сатвалдиев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктеген негізгі міндеттеріне тоқтала кетті.  

Бүгінгі ҚХА сессиясының негізгі идеологиялық бағыты бұл – Қазақстанның жаңа идеологиялық доктринасымен үйлесу. Бұл дегеніміз Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдағы көтерілген мәселелердің барлығын жүзеге асыру, барлығының басы-қасында болу, тіпті алдында болу ассамблеяға да жүктелді. Оның ішінде Әділетті Қазақстан және бүгінгі заманның талабына жауап бере алатын қоғам болуымыз үшін қандай жұмыстар атқарылу керек екені айтылды. Бұл жерде жастарға тәрбие беру, тәрбие бере отырып тарихта кеткен қателіктерімізден баға алу, өткен мен бүгінгі байланыстыру қате екенін түсіндірді. Соны жүзеге асыру ҚХА-ның мүшелеріне де басты міндет ретінде көрсетілді, - деді ол. 

Миражан Махан
Бөлісу: