Қазақстан халқы Ассамблеясы – этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ететін бірегей институт. ҚХА мүшесі, «Тәжіктердің республикалық этномәдени орталығы» РҚБ төрағасы Ақбаржон Исмаиловтың айтуынша, полиэтносты қоғамда Ассамблея тұрақтылық пен үйлесімділікті сақтаудың негізгі механизміне айналды. Ол Ассамблеяның қызметі этносаралық бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ақбаржон Исмаилов Ассамблеяның құрылуын Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы көпэтносты халықты ортақ мақсатқа жұмылдыру қажеттілігімен байланыстырады.
Конституциялық мәртебе алуы және «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңның қабылдануы оның тек символдық емес, саяси маңызын арттырды. Сенатқа депутаттардың тағайындалуы арқылы этностардың үні естіледі, — дейді ол.
Сарапшы Ассамблеяның басты мақсаты патриотизм, рухани-мәдени ортақтық және қазақ халқының біріктіруші рөлін негізге ала отырып, қазақстандық сәйкестікті қалыптастыру деп санайды.
Ассамблея этникалық мәселелердің шиеленісуіне жол бермейді. Біз қоғамдық тыңдаулар өткіземіз, мемлекеттік органдарға ұсыныстар береміз. Бұл әсіресе қазіргі жаһандық сын-қатерлер кезінде радикализм мен экстремизмді болдырмауға көмектеседі, - дейді Ақбаржон Исмаилов.
Сонымен қатар елімізде түрлі этностардың мәдени орталықтары мен бірлестіктері жұмыс істейді. Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) аясында 100-ден астам этномәдени бірлестіктер тіркелген. Аталмыш бірлестіктер мәдениттің дамуына да өзіндік үлесін қосып жатыр.
ҚХА әр этностың тілін, дәстүрін, мәдениетін сақтауға және дамытуға мүмкіндік береді. Ұлттық театрлар, этникалық басылымдар және ана тілдерін оқытатын мектептер осының айғағы. Бұл шаралар этностардың жеке ерекшеліктерін құрметтей отырып, жалпыұлттық бірлікті нығайтады, — деп атап өтті Исмаилов.
Ақбаржон Исмаиловтың пікірінше, қазақ тілі біріктіруші фактор болып табылады.
Ассамблея барлық этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді оқуға жағдай жасайды. Достық үйлеріндегі мемлекеттік тілді оқытатын тегін курстар осы мақсатты жүзеге асырудың бір бөлігі. Бұл интеграция мен ортақ мәдени кеңістікті қалыптастыруға ықпал етеді, — дейді ол.
Азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл – бұл мемлекет пен қоғам арасындағы тұрақты байланыс, қоғамдық ұйымдар әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді қатысады.
Ақбаржон Исмаиловтың айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) осы процесте көпір қызметін атқарады. Этномәдени бірлестіктердің жұмысын үйлестіре отырып, қоғамдық құрылымдар мен жастар ұйымдары арқылы азаматтарды әлеуметтік бастамаларға тартады. Бұл қоғамның мемлекеттік құрылымдармен өзара іс-қимылын нығайтып, халықтың билікке деген сенімін арттыруға ықпал етеді.
ҚХА-ның қызметі халықаралық деңгейде мойындалғанын ерекше атап өту қажет.
ЕҚЫҰ, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық Қазақстанның этносаралық татулық пен бірлікті нығайтудағы тәжірибесінің әлемдік маңыздылығын көрсетеді. Бұл біздің елдің беделін арттырып қана қоймай, өзге мемлекеттермен тәжірибе алмасуға, бейбітшілік пен келісім саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады. Сонымен қатар, Қазақстан моделі халықаралық деңгейде зерттеліп, өзге елдерге үлгі ретінде ұсынылуда, - дейді ол.
Ақбаржон Исмаиловтың айтуынша, ҚХА еліміздегі этносаралық тұрақтылықтың кепілі болып табылады. Оның жұмысының арқасында Қазақстан этносаралық қақтығыстардан аулақ болып, қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтап келеді.
Жыл сайынғы ҚХА сессияларында этносаралық қарым-қатынастарды реттеуге бағытталған негізгі шешімдер қабылданады. Бұл сессиялар мемлекетке ұлттық саясатты тиімді қалыптастыруға көмектеседі. Сонымен қатар, 22 Наурыз, Қазақстан халқының бірлігі күні сияқты мерекелер халықтың бірлігін нығайтып, түрлі этностардың мәдениетін өзара таныстыруға мүмкіндік береді. Ассамблея тек мәдени және идеологиялық жұмыстармен шектелмейді, сонымен қатар күрделі кезеңдерде халыққа нақты көмек көрсетеді. Пандемия немесе табиғи апаттар кезінде этномәдени бірлестіктер мен ҚХА мүшелері гуманитарлық көмекті ұйымдастыруға атсалысып, елдегі ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті. Бұл Қазақстан халқының бірлігі мен өзара қолдауға дайын екенін көрсетті, - деп толықтырды сарапшы.
Қазіргі әлемде жаһандану мен көші-қон процестері қарқын алып, мемлекеттер мен қоғамдар арасындағы интеграцияның жаңа тәсілдерін талап етеді. Ақбаржон Исмаиловтың айтуынша, бұл өзгерістер Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) жұмысында да жаңа бағыттарды дамытуды қажет етеді.
Адамдардың бір елден екінші елге қоныс аударуы көбейіп, этносаралық қарым-қатынастарды реттеуде жаңа тәсілдерді енгізу қажет болып отыр. Қазақстан да осы үрдістен тыс қалмай, этникалық әртүрлілікті сақтай отырып, мигранттардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасауы тиіс, - дейді ол.
Қазіргі заманда ақпараттық кеңістікті бақылау күрделене түсті. Әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалар арқылы түрлі ақпарат тарайды, оның ішінде жалған ақпарат та бар. Сондықтан ҚХА қоғамдағы тұрақтылықты сақтау үшін ақпараттық саясатты күшейтіп, халықтың, әсіресе жастардың саналы медиасауаттылығын қалыптастыруға күш салуы қажет.
Жастар – кез келген елдің болашағы. Оларға этносаралық келісімнің, өзара құрмет пен төзімділіктің маңыздылығын түсіндіру аса маңызды. Сонымен қатар, түрлі этностардың мәдениетімен танысып, оларды түсіну арқылы интермәдениетті дамыту қоғамның бірлігін нығайтады, - дейді сарапшы.
Ақбаржон Исмаиловтың пікірінше, ҚХА-ның даму тұжырымдамасы дәл осы міндеттерді шешуге бағытталған, яғни интеграция тәсілдерін жетілдіру, ақпараттық қауіпсіздікті күшейту және жастар арасында толеранттылық пен ынтымақтастық мәдениетін дамыту.
Ақбаржон Исмаилов ҚХА-ның маңыздылығын ерекше атап өтеді. Оның айтуынша, Ассамблея – бұл тек мемлекеттік орган емес, бүкіл халықтың бірлігін қамтамасыз ететін қуатты құрал.
ҚХА-ның басты мақсаты – этносаралық қатынастарда әртүрлілікті құрметтеу және сонымен қатар, елдің бірлігін нығайту үшін ортақ құндылықтарды дәріптеу. Қазақстандық қоғамның тұрақтылығы мен дамуы осы ұстанымдарға негізделген. Қазақстандағы этносаралық келісім моделі әлемдік деңгейде үлгі бола алады. Көптеген елдер этникалық алауыздықтар мен қақтығыстарға тап болып жатқанда, Қазақстан бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап отыр. Бұл – ҚХА-ның жемісті жұмысының нәтижесі, - дейді ол.
Исмаиловтың пікірінше, дәл осы көпэтностық әртүрлілік Қазақстанның басты байлығы және оны бірлік пен келісімді нығайту үшін тиімді пайдалануға болады.