Қазақстан ғалымдарының айлық еңбекақысы өсетін болды

4 Қараша 2023, 14:28 1418

Ғалымдардың базалық жалақысы жыл сайын 20 пайызға көтеріледі. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап. 

«Соңғы 20 жылда ғалымдарымыздың саны 22 мыңға енді жетті. Ғалымдар қартайып барады. Ғылыми-зерттеу институттары басшыларының орташа жасы – 59 жас. Ұлттық ғылым академиясы мүшелерінің орташа жасы – 69 жас. Жастар жаман емес. Соңғы 5 жылда жастар ғылымға келе бастады. Қазіргі таңда 40 жасқа дейінгі ғалымдардың саны 46 пайызға жетіп отыр. Демек, 22 мың ғалымның 46 пайызы - 40 жасқа дейінгі жастар. Қорқатындай жағдай жоқ. Жастар біртіндеп ғылымға келіп жатыр», - деді министр Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында.

Осы ретте ол ғалымдарды әлеуметтік қолдау іс-шараларына тоқталды.

«Өткен жылдың қыркүйек айында 1 700 жетекші ғалымның жалақысын бірден 70 пайызға өсірдік. Олар - профессорлар, үлкен ұжымдарды басқарып отырғандар және ғылыми жобаларға белсенді қатысатын ғалымдар. Осы жылдан бастап жыл сайын ғалымдардың, профессорлардың, оқытушылардың жалақысын 20 пайызға өсіруге шешім қабылдадық. Өткен жылдары жалақы жоғары оқу орындарының, ғылыми институттардың есебінен өсірілетін. Яғни, министрлік оларға қыркүйектен бастап жалақыны 15, 12 пайызға көтеру туралы хат жіберетін. Бірақ, олардың жалақыны көтеруге жағдайы болмайтын. Үкімет бізді қолдады. Биылдан бастап 20 пайызды республикалық бюджеттен бөлеміз. Демек, базалық жалақы жыл сайын 20 пайызға өсіп отырады», - деді Саясат Нұрбек.

Асқар Таудай
Бөлісу: