Қазақстан-ЕО стратегиялық әріптестігі Еуропалық Парламенттің жаңа құрамымен талқыланды

5 Қазан, 23:10 349

Еуропалық Парламент қабырғасында «Қазақстананн стратегиялық әріптестігі: жаңа бағыттар мен мүмкіндіктерді ашу» атты іс-шара өтті, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шара басында Қазақстанның жетістіктері мен мүмкіндіктері туралы «Kazakhstan Born Bold», «Travel to Kazakhstan» бейнероликтері көрсетілді. Басқосуды ұйымдастырушының бірі, Орталық Азия және Моңғолиямен ынтымақтастық жөніндегі Еуропалық Парламент делегациясының бұрынғы төрағасы, Еуропарламент депутаты Томаш Здеховски (Чехия) ашты.

Қазақстан Президентінің кеңесшісі Болат Ақшолақов өз сөзінде мұнай-газ, энергетика және көлік салаларындағы ЕО-мен ынтымақтастықты нығайту және кеңейту маңыздылығына назар аударды, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық бағыттарды атап өтті. Ол Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясындағы ЕО-мен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті, Қазақстанның Еуропа елдерін энергетикалық ресурстармен қамтамасыз етуі, минералдық ресурстардың қауіпсіздігі жөніндегі серіктестік форумына қосылуы, Метан бойынша жаһандық міндеттеме және ЕО-ның көміртегі шекараларын реттеу механизмін кеңейтуге Қазақстанның мүдделілігі туралы хабардар етті.

Қазақстанның ЕО жанындағы тұрақты өкілі Марғұлан Баймұхан биылғы Еуропарламент сайлауы мен Еуропалық комиссия тағайындаулары аясында Қазақстан мен ЕО серіктестігінің жаңа кезеңге аяқ басқанын, бұл жаңа биіктерге жетуге және жаңа мақсаттарды іске асыруға бағытталғанын атап өтті. Ол 2023 жылы 41,4 млрд доллардан асқан сауда айналымымен ЕО Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі екенін мәлімдеді. ЕО-мен ынтымақтастықтың жоғары деңгейі расталды, бұл ЕО мен Қазақстанның делегациялары арасындағы тұрақты жоғары деңгейдегі сапарлармен дәлелденеді, соның ішінде биылғы жылы Еуропалық комиссия вице-президенті Ж. Борреллдің және өткен жылы ЕО-ның басқа да жоғары лауазымды тұлғаларының сапарлары.

Марғұлан Баймұхан құқық үстемдігі, адам құқықтары, сауда-экономикалық және инвестициялық өсу, сыни маңызды шикізат металдары, көлік, ЕО елдерімен визалық режимді жеңілдету, климаттың өзгеруі (МФСА және т.б.) сияқты негізгі мәселелер бойынша ЕО-мен ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.

Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты дамытуға, ЕО бағдарламаларына, Қазақстандағы саяси және экономикалық реформаларға, еліміздің халықаралық бастамаларына (2026 жылы Қазақстанда БҰҰ климаттық саммитін өткізу, Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ ТДМ өңірлік хабын құру және т.б.) ерекше назар аударылды.

Қазақстан Парламентінің депутаттары Самат Нұртаза мен Олжас Құсбеков Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси, заңнамалық және конституциялық реформалар туралы аудиторияны хабардар етті. Олар Қазақстан мен ЕО арасындағы парламентаралық ынтымақтастық комитеті аясында жыл сайынғы дәстүрлі кездесулерді сақтаудың маңыздылығын, парламентаралық бірлестіктер мен халықаралық ұйымдардағы жұмысты, Орталық Азия елдерімен парламентаралық ынтымақтастықты, гендерлік теңдік мәселелерін, ҮЕҰ-мен ынтымақтастықты және басқа да мәселелерді атап өтті.

Өз кезегінде, Еуропалық комиссар Януш Войчеховский мен Еуропарламент депутаттары Қазақстанның ЕО үшін маңызды серіктес екенін (сауда айналымының және инвестициялардың жоғары деңгейі) атап өтті. Геосаяси жағдайдың күрделенуі аясында Орталық Азияның аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі негізгі рөлі ерекше аталды. ЕО өкілдері халықаралық күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелер бойынша Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайту және кеңейтуге бейілділігін растады.

Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің Еуропа және Орталық Азия бойынша басқарушы директорының орынбасары Люк Девинь ЕО Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы өзара байланысты дамытудағы негізгі рөлін жоғары бағалайтынын, бұл ЕО-ның басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Брюссельдегі қоғамдық-саяси, ғылыми және іскерлік топтардың өкілдері атап өткендей, бұл Еуропалық Парламент қабырғасында жаңа шақырылған Еуропарламент депутаттарының қатысуымен өткен алғашқы ірі іс-шаралардың бірі. 

Перизат Саденова
Бөлісу: