Қазақстан Республикасының Кипр Республикасындағы Елшісі Николай Жұмақанов Никосиядағы Президент сарайында өткен ресми рәсімде Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидиске сенім грамоталарын табыс етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
СІМ-нің мәліметінше, кездесу барысында Кипр Президенті Елшіні жылы қарсы алып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ізгі тілектерін жеткізді және екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. Ол Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі маңызды серіктес екенін атап өтіп, ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге сенім білдірді.
Кипр басшысы жақында екі елдің астаналарында елшіліктерді өзара ашу туралы шешімге ерекше назар аударып, бұл қадам дипломатиялық байланыстарды нығайту, саяси диалог пен экономикалық өзара іс-қимылды кеңейту үшін маңызды элемент болатынын атап өтті. Президент екі мемлекетте де дипломатиялық өкілдіктердің болуы бірлескен жобаларды іске асыру және екіжақты күн тәртібін ілгерілету үшін жаңа мүмкіндіктер туғызатынына сенім білдірді.
Сұхбат барысында сауда, көлік, цифрландыру және туризм салаларындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды. Кипр Президенті өз елінің Қазақстанмен екіжақты форматта ғана емес, халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберінде де белсенді өзара іс-қимыл жасау ниетін растады.
Өз кезегінде, Қазақстан Елшісі Н.Христодулидиске жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, оның дипломатиялық миссиясы достық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді. Ол өзара тиімді бастамаларды ілгерілету, инвестициялар тарту және екіжақты диалогты жандандыру үшін бар күшін салатынына сендірді.
Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Кипр халықтарының мүддесі үшін ынтымақтастықты жалғастыруға және серіктестікті кеңейтуге дайын екенін растады.