Қазақстан экономикасы сыртқы және ішкі сын-қатерлердің ықпалында – сарапшылар

13 Желтоқсан 2022, 15:29 3341

Сарапшылар пікір білдірді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған мәселелер мен тапсырмаларға қатысты  ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ қызметкерлері пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Заманауи сын-қатерлер нақты шешімдерді қажет етеді

Бүгінде Қазақстан экономикасы сыртқы және ішкі сын-қатерлердің ықпалында. Жоғары инфляция, сауда-экономикалық байланыстардың үзілуі, әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігіне қысым жасау мұның бәрі мемлекеттерден шешуші және тиімді әрекеттерді талап етеді деп санайды ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ жетекші ғылыми қызметкері Бекжан Садыков.

Үкімет отырысында Президент инфляцияның шарықтауына қатысты мәселені тілге тиек еткен болатын. Бұл туралы сарапшы былай түсіндірді. 

«Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша 2022 жылдың соңына қарай әлемде инфляция шамамен 2 есе өсіп, 8,8%-ды құрады. Жаһандық ЖІӨ өсімі де 2 есе баяулап, небәрі 3,2%-ға жетті. Елімізде 2022 жылдың бірінші тоқсанында экономикалық өсім 4,4 пайызды құраса, 2022 жылдың соңына қарай небәрі 2,7 пайызды құрады. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы мемлекеттік органдардың алдына әлеуметтік-экономикалық сала бойынша бірқатар міндеттерді жүктеді. Бірінші кезекте нақты секторды несиелендіруге мүмкіндік беретін «ұзын ақшаны» құру, БЖЗҚ салымшыларының жинақталған зейнетақы қаражатының 50%-ға дейінгі бөлігін жекеменшік басқаруға аудару құқығы кеңейтіледі. Сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау шарттарын 7 жылға дейін арттыру мүмкіндігін қарастыру да экономика салаларын белсендірек несиелендіруге мүмкіндік береді», – дейді сарапшы.

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша $14,5 млрд тікелей инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28%-ға артық.

«Бұл ретте Мемлекет басшысы атап өткендей, шетелдік инвестициялық жобалар бірқатар шектеулерге тап болады. Жергілікті жерлерде жүзеге асыруға тиімсіз қолдау көрсету. Жергілікті атқарушы органнан ерекше назар аударуды талап етеді», – деді.

Президент айтқан үшінші міндет тұрғын үй-коммуналдық мәселесі болды.

«Өндіруші қуаттардың тозуы бүгінде шамамен 60%-ды құрайды. Бұл тұрғыда кәріздік тазарту құрылысын салу және жаңғырту керек. Сектордағы жағдайды жақсарту үшін тарифтік саясаттың жаңа тетіктері мен қосымша қаржыландыру көздері қажет», – деп пікір білдірді ҚСЗИ жетекші ғылыми қызметкері Бекжан Садыков.

Өмір сүру сапасын арттыру – басты міндет

Ал ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ экономикалық зерттеулер бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Анна Альшанская бүгінгі таңда әлемдік экономика, оның ішінде Қазақстан пандемия мен геосаяси шиеленістің салдарын сезінуде деген ойда.

«Қазақстанда ағымдағы 11 айда жалпы ішкі өнімнің өсімі небәрі 2,7 пайызды құраса, инфляция деңгейі 19,6 пайызға жетті. Кешенді және жан-жақты ойластырылған стратегиясыз дағдарыстың салдары тек күшейе түседі. Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел дамуының өзекті бағыттары қамтылып, қысқа және орта мерзімді перспективада азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға баса назар аударылды», – дейді.

Сарапшының айтуынша, Президент қалалар мен ауылдағы өмір сүру сапасын анықтаушы фактор ретінде инфрақұрылымды жаңғырту қажеттілігіне назар аударды деп санайды.

«Екібастұздағы күрделі жағдай көрсеткендей, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерін шешуді ерекше бақылауда ұстау қажет. Республикада инженерлік желілердің орташа тозуы 60%-дан астам, ал бірқатар қалаларда 80%-ға жетеді. Мәселен, әзірленіп жатқан «Инвестицияға айырбас тарифі» бағдарламасы республикадағы желілердің тозуын 20 пайыздық тармаққа төмендетуге бағытталған. Екіншіден, инфляцияның негізгі көзі азық-түлік бағасының өсуі болып қала береді. Ол 24%-дан астамға жетті. Бағаның өсуі халықтың осал топтарының өмір сүру деңгейіне барынша теріс әсер етіп, әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті одан әрі ушықтырады. 2020 жылдың қазан айындағы жағдай бойынша нақты ақшалай кіріс 11,7%-ға төмендеді. Биыл қабылданған Халық табысын арттыру бағдарламасы қайта қарауды, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің жаңа тетіктерін енгізуді талап етеді», – деді ол.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ауылдық жерді ерекше назарға алуды және оны дамытудың жаңа тәсілдерінің маңыздылығына тоқталды. Бұл тұрғыда сарапшы былай дейді:

«Елді өз өнімімен қамтамасыз етуді арттыратын ауыл шаруашылығы кооперациясының бағдарламасы құрылады. Сонымен қатар ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту жобасы 700-ге жуық жаңа медициналық нысанның құрылысын және 32 аурухананы жаңғыртуды қамтиды», – дейді ҚСЗИ экономикалық зерттеулер бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Анна Альшанская.

Қаржы секторының мәселелері басты назарда

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Вячеслав Додонов Мемлекет басшысы айтқан қаржы секторы мәселесіне тоқталып өтті.

«Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы қаржы секторы, оның ішінде мемлекеттік қаржыға үлкен көңіл бөлді. Атап айтқанда, бюджеттік үдерісте тұрақтылыққа қол жеткізу және бюджет кірістерінің Ұлттық қордан түсетін трансферттерге тәуелділігін азайту қажеттігі айтылды. Бұл трансферттер соңғы жылдары республикалық бюджет кірісінің 40%-ын құрайды. Осылайша олар осы кіріс көзіне шектен тыс тәуелді болып қалды. Трансферттердің жоғары көлемі Ұлттық қорда жинақталған қаражаттың жоғары деңгейде жұмсалуын білдіреді. Жинақталған қаражаттың көлемі 2014 жылдан бері азайып, қазір 50 миллиард долларға жақындады. Ал 2014 жылдың ортасында бұл 77 миллиард доллар болатын», – дейді сарапшы.

Мемлекет басшысы өз сөзінде бұл проблеманы көрсете отырып, шығынды тоқтату және алдағы жеті жылда бұл институттың активтерін 100 миллиард долларға дейін өсіруді қамтамасыз ету керектігін айтты.

«Президент қор активтерін басқару тиімділігіне қатысты мәселеге тоқталды. Бұл олардың кірістілігінің төмен деңгейінде көрінеді. Соңғы 10 жылда көрсеткіш жылына 1,6% құраса, басқа елдердегі бірқатар ұқсас тәуелсіз қорлар 6-7% кірісті қамтамасыз етеді. 2024 жылдан бастап қордың инвестициялық кірісінің жартысы Қазақстан балалары пайдасына аударылымдарға жұмсалатындығына байланысты Ұлттық қор активтерін сақтау мен ұлғайту, сондай-ақ оларды басқарудың тиімділігі ерекше проблема бола бастайды. Бұл осы мекеменің өзіне және Ұлттық Банкке деген қоғамның назарын күрт арттырады», – деп есептейді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы экономиканы ондаған жылдар бойы өзекті болып келген «ұзын ақшамен» қамтамасыз ету мәселесіне тағы да назар аударды. Екінші деңгейлі банктердің экономиканы несиелендіруге және бірінші кезекте нақты сектордағы басым жобаларға бет бұруын ынталандыру мақсатында Ұлттық Банктің ноталары бойынша банктердің кірістеріне салық салу тәртібі қайта қаралатын болады. Бұл шара банктер үшін мұндай инвестицияларды тиімсіз етеді.

«Сол себепті бұл оларды экономикаға инвестициялауға ынталандыруы керек. Сонымен қатар Мемлекет басшысы басым секторларды банктік қаржыландырудың басқа да шаралары туралы, оның ішінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау шартын 7 жылға дейін ұлғайту және АӨК кәсіпорынның несие алуына кепілдік құралы ретінде пайдалануға мүмкіндік беретін астық қолхатын цифрландыру туралы айтты. Мемлекет басшысының БЖЗҚ салымшыларының зейнетақы жинақтарын басқару және оларды жеке басқаруға беру туралы шешіміне байланысты экономиканы қаржыландыру да артуы мүмкін. Яғни, мұны белгілі бір нормативтік құқықтық актілермен толықтыру қажет», – деді ол.

Бір сөзбен айтқанда, сарапшы Президент Қазақстан экономикасының қаржы секторы ел басшылығының тұрақты назарында екенін және экономиканы жүйелі жаңғыртуға бағытталған реформаларға сәйкес қайта құрылуы тиіс екенін тағы бір рет көрсетті деп санайды.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: