Қазақстан докторанттары Жапонияда ғылыми баяндамаларын таныстырды

3 Желтоқсан 2023, 04:40 895

Жұбанов университетінде докторанттардың шетелдік ғалымдармен бірлесе жұмыс жасауы алға қойылған. Оқу орнындағы «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» білім бағдарламасының 3 курс докторанттары Дана Рыспаева мен Анара Уркунова маусым айында The Education University of Hong Kong университетінің құрметті профессоры, шетелдік супервайзер Керри Джон Кеннедидің жетекшілігімен ғылыми тағылымдамадан өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап. 

Профессордың Хирш индексі – 20, ал The Education University of HK – QS World University Rankings 2023 рейтингіне сәйкес білім беру саласында әлемде 21-інші және Азияда 4-ші орында тұрған жоғары оқу орны болып табылады.

Сонымен қатар, гранттық қаржыландыру аясында Жұбанов университетінің докторанттары Жапонияда өткен 15-ші Халықаралық Азия білім беру (Asian Conference on Education 2023) конференциясына қатысты.

«Қазақстанда жаһандық дағдыларды дамыту: бастауыш мектеп мұғалімдерінің тәжірибесін зерттеу» ғылыми жобасы аясында докторанттар «Developing Global Skills through Teaching Methods and Strategies: Primary School Teachers Preparedness and Practice in Kazakhstan» тақырыбында ғылыми баяндамаларын таныстырды.

«Әлемнің түрлі елдерінен көптеген ғалымдар білім беруді дамытудың жетістіктері мен мәселелерін талқылады, сындарлы ғылыми пікірталас өткізді. Конференцияда талқыланған мәселелердің әртүрлілігі білім беру саласындағы ғылымның болашағын көрсетті. Осындай деңгейдегі халықаралық конференцияларға қатысу ғылыми жобаларды іске асыруға серпін береді», - дейді Анара Уркунова.

Жоба аясында жүргізілген зерттеу нәтижелерін тарату және халықаралық ғалымдармен тәжірибе алмасу – ғылыми конференцияға қатысудағы басты мақсатымыз болды дейді жас ғалымдар.

«Қазіргі таңда халықаралық ғалымдармен нетворкинг құру және бірлесе жұмыс жасау өте маңызды. Сондай-ақ, гранттық жоба бойынша жүргізілген зерттеу жұмысының нәтижелерін академиялық ортаға таныстыру арқылы, біз зерттеуімізге қатысты шетелдік ғалымдардан кері байланыспен қатар жұмысты одан әрі жақсарту үшін пайдалы ұсыныстар алдық. Бұл - біздің басты мақсатымыз болатын. Осы сәтте, ғылым жолында үнемі қолдау көрсетіп, Отандық ғылымды дамытуға және кәсіби тұрғыда дамуымызға мүмкіндіктер беріп отырған министрлікке, жоба жетекшісі, әрі супервайзеріміз Лаура Чапайқызы Қарабасоваға алғысымызды білдіргіміз келеді», – дейді Дана Рыспаева.

Айта кетейік, 2023 жылдың 22-25 қараша аралығында Токиода өткен халықаралық конференцияға 65 мемлекеттен 750-ден астам делегат қатысты.

Берік Арманов
Бөлісу: