Елімізге белгілі ADAL PROMOTIONS промоутерлік компаниясы құрамындағы Жолдас Жеңісов, Санатәлі Төлтаев, Нұрқанат Райыс Сауд Арабиясында кәсіпқой боксшылар арасында өтетін әлем чемпионатына аттанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі otpannews.kz-ке сілтеме жасап.
Промоутерлік компания менеджері Жанпейіс Назарғалидің айтуынша, Марат Жақиев баптаған боксшылар Эр-Риядтағы сында өз әлеуеттерін көрсетеді.
WBC мен Турки Аль аш-Шейхпен бірлесіп құрған жоба аясындағы әлем чемпионатында 57, 63, 72 келі және аса ауыр салмақ дәрежесі бойынша әр салмақта 32 боксшы сынға түседі. Аталған чемпионат 1/16 финалдан басталады. Мұнда сынға түсетін атлеттердің жасы 26-27-ден аспауы керек. BoxRec-те тіркелген жекпе-жек саны 10-нан аспауы керек. Кәсіпқой бокстағы жолын енді бастап жүрген спортшылардың мүмкіндігін тексеретін турнир деуге болады, - деді Жанпейіс Назарғали.
ADAL PROMOTIONS менеджері 4 күнге созылатын сында жерлестеріміз өздерін танытуға мүмкіндік туып отырғанын атады.
Бұл сында негізігі фавориттер ретінде АҚШ боксшыларын атауға болады. Бұдан бөлек, Мексика, Колумбия боксшылары бар. Еуропадан Украина, Франция, Англия боксшыларының қарқыны қатты. Жалпы, BoxRec-те топ-100-де тұрған боксшылар осал болмайды, - деді Жанпейіс Назарғали.
Бұдан бөлек, WBC Grand Prix деп аталатын турнирдің әр жекпе-жегінде жеңіске жеткен бокшсыларға гонорар төленеді.
Әлем чемпионатындағы алғашқы үш кезең 6 раундтан тұрады. Жартылай финал 8 раунд, Финал 10 раундқа есептелген. Өз салмағы бойынша жеңіске жеткен боксшы 100 мың АҚШ долларын алады және Турки Аль аш-Шейхпен келісімшартқа отырады. Бірінші кезеңде жеңіске жеткен 15 мың АҚШ долларын алады. Ал жеңілсе, 7,5 мың АҚШ доллары беріледі. ADAL PROMOTIONS боксшыларын Марат Жақиев дайындады, - деді Жанпейіс Назарғали.