Қазақстан боксшылары Италиядағы турнирде Олимпиаданың бес жолдамасын иеленді

12 Наурыз, 04:20 1179

Бокстан Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан іріктеу кезеңінде ерлер құрамасынан қалған 4 боксшы Олимпиада жолдамасына қол жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Олардың қатарында Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай Париж Олимпиадасына қатысу құқығына ие болды. 

51 келіде Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов ширек финалдық жекпе-жекте Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері Киаран Макдональдты 4:0 есебімен ұтты. С.Бибосынов бастапқы 2 раундты сенімді түрде 5:0 есебімен жеңді. Ал шешуші раундта Сәкен нокдаунға түсіп қалғанымен, есептегі басымдығын сақтап қалды. 

57 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Махмұд Сабырхан ширек финалда тәжікстандық Ашрор Вахидовты 4:1 есебімен жеңді. Осылайша отандасымыз тұңғыш Олимпиадасына жолдама алып отыр. 

Ал Қазақстан командасының капитаны Асланбек Шымбергенов ширек финалда әзірбайжандық Сархан Алиевті 5:0 есебімен басым түсті. Бұл сында төрешілер Шымбергеновтің басымдығын мойындады. 

80 келіде әлем чемпионы Нұрбек Оралбай ширек финалда ирландиялық Киллиан Кессидимен жұдырықтасып, 3:2 нәтижесімен кезекті жолдамаға иелік етті. 

Бұған дейінгі сында 92 келіде Айбек Оралбай Олимпиада жолдамасын олжалаған болатын. Сондай-ақ, Қазақстан құрамасынан аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев Париж Олимпиадасының жолдамасын Қытайда өткен Азия Ойындарында алған еді. 

Ал әйелдер құрамасында әзірге жалғыз ғана жолдама бар. Ол Карина Ибрагимоваға тиесілі.

Перизат Саденова
Бөлісу: