Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшті: Елорда әуежайында жолаушылар 5 сағат рейс күткен

1 Наурыз, 01:55 804

1 наурыздан бастан Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Еліміздегі 3 ірі қала мен 12 өңір бір сағат артқа шегінді. Осылайша Қазақстанның барлық аймағы бесінші уақыт белдеуіне өтті. Осы тұрғыда  El.kz  ақпарат агенттігінің тішлісі уақыт белдеуінің ауысуы елордадағы әуе рейстеріне қалай әсер етіп жатқанын және жолаушыларға қандай келеңсіздік тудырғанын анықтап көрді.

Уақыт белдеуінің бір сағат артқа шегерілуі Атырау қаласына ұшқалы отырған жолаушыларға үлкен әсерін тигізбеді. Астана-Атырау рейсі де кешіктірілмей өз уақытында ұшты.

Өзім Атырау қаласының тумасымын, сондықтан уақыт белдеуінің өзгеруі үлкен әсерін тигізіп жатыр деп айта алмаймын. Ұялы телефонымдағы уақытты да өзгертпедім, - деді атыраулық Берік Тәжиев.

Атырауға ұшқалы тұрған тағы бір жолаушы Анар Әубәкірова уақыт белдеуінің бір сағат шегерілуі еліміздің барлық аймағы үшін қолайлы шешім екенін айтты.

Біз транзиттік жолаушылармыз, сондықтан рейстердің кешігуі болмады. Өзім Атырау қаласының тумасымын, еліміз бойынша уақыт белдеуінің бір сағатта болуын қолдаймын. Уақыттың өзгеруі қатты әсер етіп жатқан жоқ. Керісінше, бұл барлығымыз үшін қолайлы уақыт белдеуі болмақ, - деді Анар.

Атырауға ұшқалы тұрған басқа да жолаушылардың пікірі осыған ұқсас болды.

Дегенмен уақыт белдеуінің өзгеруі Алматыға ұшатын рейске әсер еткен сияқты. Себебі, сағат 21:00-де ұшуы керек болған жолаушылар 5 сағаттан бері әуежайда рейсті күтіп отырғандарын айтты.

Мысалы, Алматы-Астана рейсі сағат 00:50-ге ауыстырылған.

Сағат 21:00-дегі рейс әлі Алматыдан Астанаға қарай ұшқан жоқ. Сағат 00:50-де ұшады деп күтіліп отыр. Сонда Алматыға біз 04:00-ге қарай бірақ жетеміз. Рейстер кешіктірілмегенменде бүгін кешке Алматыда болуым керек еді, - дейді алматылық жолаушы Лаура Қуанова.

Сонымен қатар уақыт белдеуінің өзгеруіне байланыс еліміздегі барлық электронды порталдар мен терминалдар сағат 23:00-02:00 аралығында жұмыс істемеді. Бұл өз кезегінде жолаушыларға келеңсіздік тудырды. Себебі, қазіргі таңда барлығы өзімен бірге құжаттарын ұстамайды, тек электронды порталдың көмегіне жүгінеді.

Сәйкесінше, уақыт белдеуінің ауысуына байланысты электронды құжатын көрсете алмаған және өзімен бірге жеке құжатын алып жүрмеген жолаушылар рейске отырғызылмады. Оларға тиісінше, электронды жүйелердің жұмыс істегенін күту ғана қалды.

Осындай келеңсіз жағдайға тап болған көп жолаушылардың бірі – Лаура Қуанова.  

Уақыт белдеуінің өзгеруіне байланыс электронды порталдар, Kaspi.kz, eGov порталдары жұмыс істемей тұр. Қолымда қағаз құжатым жоқ, тек қана портал арқылы көрсетуге мүмкіндігім болған. Ал құжатымды Алматыда қалдырып кеткенмін. Енді порталдардың барлығы іске қосылғанша күтіп отырмыз, - дейді Лаура.

Әуежайдың тексеріс бөлімінің қызметкері Бақытжан Әсет Kaspi.kz және eGov қосымшасының уақытша жұмыс істемеуіне байланысты проблема пайда болғанын жасырмады.

Ақпараттық порталдарда проблема болып жатыр. Дегенмен электронды жеке куәлікті көрсету арқылы рейстерге өтуге рұқсат. Жолаушыларға алдын хабарлама келді. Уақыт белдеуінің ауысуына байланысты  порталдардың жұмысы уақытша тоқтатыланы көрсетілді, - деп атап өтті әуежай қызметкері.

Ал шетелге ұшқалы тұрған рейстерден айтарлықтай проблема байқалмады. Барлық рейсі кешіктірілмей өз кестесіне сәйкес жұмыс істеді.

Миражан Махан
Бөлісу: