«Қазақстан Барысы» турнирінің финалы өтеді

27 Маусым 2022, 09:21 3410

Жеңімпаз балуанға 25 000 000 теңге және алтын белбеу мен ауыспалы алтын «тайтұяқ» табысталады

Астана күніне орайластырылған қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» ХІ республикалық турнирі 3 шілде күні «Барыс-Арена» мұз сарайында өтеді,– деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы  Қазақстан Барысының Фейсбуктегі парақшасында жарияланды.

Турнирдің мақсаты елімізде ұлттық спортты дамыту арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығын атап өту, қала күнін мерекелеу және балалар жылы аясында жастарды ұлттық спортпен шұғылдануға тарту, олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру мақсаттарын жүзеге асырады.

Жарыс ережесіне сәйкес сәуір-мамыр айларында ауыл, аудан, облыстық (қалалық) деңгейдегі және күштік құрылымдар желісі арасында іріктеу жарыстары толығымен өтіп, оған еліміз бойынша бес мыңға жуық спортшы қатысты. Соның ішінен 36 балуан ақтық сынға жолдама алды. Олардың ішінде осыған дейін жеңіс тұғырынан көрінген Мұхит Тұрсынов, Еламан Ерғалиев, Ерасыл Қажыбаев, Ғалымжан Қырықбаевтар бар.

2021 жылдың жеңімпазы Дәурен Нұралинов жарақатына байланысты турниге қатыспайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ, екі дүркін «Қазақстан Барысы» атанған Айбек Нұғымаров спорттық жолын аяқтағанын ресми түрде жариялады.

Турнирді ҚР мәдениет және спорт министрілігі және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Qazaqstan Barysy» қоры мен Qazaq kuresi Ассоциациясы ұйымдастырады.

Қазақ күресі ережесіне енгізілген өзгертулерге байланысты биылғы турнир «бүк» ұпайынсыз өтеді.

«Қазақстан Барысы» турнирінің жүлде қоры әдеттегідей, жеңімпаз балуанға 25 000 000 теңге және алтын белбеу мен ауыспалы алтын «тайтұяқ» табысталады. Екінші орынға 5 500 000 теңге және үшінші орынға 1 800 000 теңге, сәйкесінше күміс және қола белбеулермен марапатталады.

Жанкүйерлер турнирді Qazsport арналары арқылы тікелей эфирден көре алады. Билеттер zakazbiletov.kz сайтында сатылымда. Ресми салмақ өлшеу рәсімі 1 шілде сағат 19.00- де «Хан Шатыр» СОСО белгіленіп отыр.

Бөлісу: