Қазақстан аумағында 300-ге жуық Каспий итбалығы зардап шеккен

30 Қараша 2022, 17:32 4446

Каспий итбалығының сандық динамикасы зерттеліп, оның популяциясына қатер төндіретін факторлар анықталуда

Ағымдағы жылы Қазақстан аумағындағы Каспий теңізінің жағалауынан итбалық өлімі көбейіп кетті. Теңіз балығының бұл түрінің популяциясы азаю себебін әлемдік  ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Каспийде құстар мен жануарлардың, атап айтқанда Каспий итбалығының жаппай қырылуы жиілеп кетті. Не болып жатыр, кім кінәлі, себептері қандай? Сұрақтар көп, бірақ жауаптар жоқ.

Итбалықтардың жаппай қырылу мәселесі экологиялық зерттеулердің басты бақылауында. 2020 жылдың 9 қарашасынан бері каспий итбалығы сирек кездесетін және құрып кету қаупі жоғары жануарлар және өсімдіктер түрлерінің тізбесіне енгізіліп, оларды сақтау жөніндегі 2021-2026 жылдарға арналған жоспар бекітілген. Сақтау шараларының бірі – мекендеу орындарын сақтау және көбейту үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақ құру.

Осыдан үш апта бұрын 8 қараша күні 101 итбалық өлі табылған. Жануар қалдықтары әр түрлі жерде орналасқандықтан арнауы талдаулар жүргізілді. Теңіз жануарының өліміне экожүйенің өзгеруі, браконьерлік және мұнай кәсібі себеп болды деп болжануда. Маңғыстау облысында жыл сайын үйреншікті жағдайға айналған теңіз жануарларының өлімі халыққа тансық емес. Алайда адамдармен араласа жүзіп жүретін олардың тез сиреп кетуі қынжылтатыны анық.

Ал бірнеше күн бұрын Дағыстан аумағындағы Каспий жағалауының әртүрлі аймағынан 2500 өлі итбалық табылды. Бұл жағдай экологтарды арнайы зерттеу жұмысын бастауға түрткі болды.  Бұл ретте Дағыстанның қоршаған ортаны қорғау министрлігі:

«Өлі жануарлардың көп табылғаны белгілі. Дегенмен бұл ситуация олардың популяциясына әсер етпейді. Себебі есептеу бойынша бүгінгі таңда Каспий итбалығының саны тұрақты. Барлығы 270-300 мың басқа дейін құрайды», – дейді.

Қазіргі таңда БАҚ өкілдеріне берілген баяндама бойынша, итбалықтардың жаппай қырылуы «табиғи факторлар» әсерінен деп отыр.

Таяуда Қазақстанда орын алған жағдай бойынша 10 күннен кейін ғана арнайы күш біріктірілген. Солтүстік Каспийдегі Каспий эндемиктеріне ветеринарлық көмек көрсететін жалғыз мекеме – Каспий итбалығын зерттеу және қалпына келтіру орталығы. Талдау нәтижелері әлі де дайын болмағандығы жеткізіліп, теңіз жануарларының жаппай қырылуының себебі бір ай уақыт көлемінде анықталады деп жауап қатты.

«Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтының әріптестерімен арнайы жиын өткізілді. Кездесуде зерттеу нәтижелері талқыланды. Жағдай орын алған күні-ақ біздің орталық қызметкерлері итбалық ағзасында ауыр металдардың бар-жоғын анықтау үшін бауыр тіндерінің бір бөлігін және жасын анықтау үшін мұртшаларын кесіп алды. Гидробиология және экология институты өлі итбалықтардың жасын тістері мен тырнақтары арқылы анықтап, құрылымдық өзгерістерді гистологиялық зерттеумен айналысып жатыр», – деп түсіндірді Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығының директоры Әділхан Товасаров.

Жыл басынан бері Қаражамбас және Түпқараған түбегінің оңтүстік-батыс бөлігінен 220 итбалықтың өлексесі табылды. Бұл жағдай бойынша зерттеу нәтижелері жарық көрген. Мамандардың баяндамасы бойынша,  67 өлген итбалықтың қаңқасына тексеру жұмыстары жүргізілген.

«Өлі табылған теңіз жануарларының 25 пайызынан өлімге алып келуі мүмкін механикалық әсер іздері анықталды. Итбалықтар балықшылардың ауына түсіп қалуы, түрлі жарақат алуы немесе итбалықтардың тыйым салынған аулау құралдарына тап болуы мүмкін»,-деп мәлімдеген Серікқали Брекешев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Экологтар әзірге итбалықтардың не себепті қырылып жатқандықтарын анықтай алмаса да, неліктен көбеймей жатқандығы туралы ақпарат берді.

«Қыс мезгілінің аязды болмауы аталмыш балықтарының азаюына әкеліп соғуда. Балықтың бұл түрінің аналықтары мұз үстінде күшіктейді», – дейді эколог Әсел Тасмағамбетова.

Қарашадағы оқиға желісінен мемлекет басшысы тыс қалмады. Еліміздің даму қарқынына эко және био мәселелері де әсер етеді. Каспий теңізінің ұзындығы көршілес мемлекеттерге дейін созылып жатқандықтан алдын алу шараларын бірден бастау керектігін жеткізген.  

«Итбалықтар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Бұл түрдің көптігін сақтау және қалпына келтіру мәселесі менің жеке бақылауымда. Жазда итбалықтар санының азаю себептерін зерттеумен белсенді айналысатын Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтында болдым. Бұл маңызды мәселе жан-жақты ғылыми көзқарасты қажет етеді. Бұған дейін Каспий итбалығының популяциясын сақтау үшін Маңғыстау облысында мемлекеттік табиғи қорықтар құру жоспарланған болатын. Экология министрлігі бұл жұмысты жеделдетіп, барлық қажетті шешімдерді қабылдауы қажет», - деп тапсырды Мемлекет басшысы. 

Тапсырманы орындау мақсатында итбалықтарды қорғау орталығы теңіз биоалуантүрлілігі саласындағы жетекші әлемдік ғалымдардың қатысуымен жұмыстар жүргізіп жатыр.  Әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғалымдардың қатысуымен Каспий теңізіне экспедицияның егжей-тегжейі талқыланды. Даниэль Коста, Карлос Дуарте және Томми Найман профессорлар жүргізетін зерттеулердің барысы баяндалды. Ғалымдар 2022 жылдың аяғына дейін бұл мәселелер өз шешімін тауып, алдағы уақытта жануарлар өлімі санын азайтуға әрекет жасаймыз деген ниетте.

 

Айым Даниярқызы
Бөлісу: