ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Достық әскерлері әскери қызметшілерінің XVI Спартакиадасы аясында армиялық қоян-қолтық ұрыстан Қырғызстанда өткен чемпионат қазақстандықтардың жеңісімен аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оған тоғыз салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның әскери қызметшілері қатысты.
Армиялық қоян-қолтық ұрыстан чемпионат қорытындысы бойынша командалық есепте Қазақстан құрамасы жеңіске жетті. Ресей күміс, Қырғызстан қола жүлдегер атанды .
Қоян-қолтық ұрыс әскери қызметшілердің күш-қуатын шыңдап, бәсекелестік рухын арттырады. Сонымен бірге жарысқа қатысушылар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтады. Мұндай жарыстар спортшыларға қарсыластарының күшті әрі әлсіз жақтарын көруге, қажетті тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді, - деп атап өтті ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – ОСК бастығы полковник Арман Әбеуов.
Жеке есепте 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сержант Жандос Мадехянов, 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде майор Арман Шәкіртов, 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 3-сыныпты сержант Әли Баттал, 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сержант Олжас Ержан чемпион атанды.
Күмісті 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сержант Бағашар Кораласов, 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сержант Бақытжан Дүйсембеков, 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Кеңес Ерсұлтан, 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде лейтенант Арман Ерменбет, 95 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Еламан Қуатов алды. 95 келіге дейінгі салмақта аға лейтенант Арсен Қасымов қола жүлдегер атанды.
Сондай-ақ, объективті төрешілік пен спорттық қағидаттарды мүлтіксіз орындағаны үшін ҚР Қорғаныс министрлігі ОСК офицері аға лейтенант Нұрбол Саябаев "Үздік төреші" номинациясына ие болды.