Қазақстан Албаниямен тығыз қарым-қатынас жасауға ниетті – Тоқаев

7 Қыркүйек 2023, 12:33 758

Ақордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Албания Республикасының президенті Байрам Бегай шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Албания президентіне арнайы шақыруын қабыл алып, Астанаға келгені үшін өз алғысын білдірді.

Бұл – тарихтағы Албания президентінің Қазақстанға жасаған алғашқы сапары. Сіздің ресми сапарыңыз өзара ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан өте маңызды. Қазақстан сіздің еліңізбен тығыз қарым-қатынас жасауға ниетті. Біз екі тараптың мүддесіне сай келетін көптеген салада өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік мол деп санаймыз. Екі аптадан соң елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Сіздің сапарыңыздың осы айтулы датамен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар, – деді Президент.

Албания президенті Байрам Бегай Астанаға шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.

Қазақстанға сапармен келгенім үшін өте қуаныштымын. Арнайы шақырғаныңыз үшін сізге ризашылығымды білдіремін. Өзіңіз айтқандай, бұл сапар дипломатиялық байланысымыздың 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Сізді Албанияға сапармен келуге шақырамын, – деді Байрам Бегай.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: