Қазақстан агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін израильдік технологияларды пайдаланбақ

27 Қыркүйек 2023, 16:42 942

Премьер-министр Әлихан Смайылов пен «Израиль-Қазақстан» сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Михаэль Роэ Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын басқару жөніндегі израильдік тәжірибені қолдану перспективаларын талқылады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

ҚР Үкіметі серіктестікті кеңейтуге және Израильмен көпқырлы өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайтуға үлкен мән береді.

Атап айтқанда, ол елдің ауыл шаруашылығы саласындағы үздік жетістіктері қызығушылық тудыруда.

Біз израильдік технологияларды зерттеуге және оларды агроөнеркәсіп кешенін дамытуға серпін беру үшін тартуға дайынбыз. Суару және су үнемдеу мәселелері де өте өзекті. Біз мемлекеттің осы салаға бағыттап отырған қаражатының тиімділігін арттырып, нақты нәтижелерге қол жеткізгіміз келеді, – деді премьер-министр.

Өз кезегінде Михаэль Роэ Қазақстанның ішкі нарық қажеттіліктерін толығымен өтеуге әлеуеті жеткілікті екенін және АӨК-ті дамытудың кешенді тәсілі арқылы жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қоса алатынын атап өтті.

Ол Мемлекет басшысының жолдауын іске асыру шеңберінде ауыл шаруашылығы саласында израильдік агротехнологиялар мен су ресурстарын басқару әдістерін қолдануға кешенді қолдау көрсетуді ұсынды.

Кездесу қорытындысына сәйкес тәжірибе алмасу және барлық айтылған мәселелер бойынша бірлескен жұмысты жақын арада ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: