Қазақстан АЭХА мүше мемлекеттерінің егеменді теңдігін қалпына келтіруге күш салуда

30 Қыркүйек 2023, 23:20 642

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі Бас конференциясының 67-сессиясы шеңберінде "АЭХА-дағы мүше-мемлекеттердің егеменді теңдігін қалпына келтіру туралы" қазақстандық қарар басым көпшілік дауыспен (99-2-16) қабылданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қарарды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров таныстырды және АЭХА-ның барлық өңірлік топтарынан 99 мүше-мемлекет пен 56 тең автор қолдады.

Анықтама: қазақстандық қарардың негізгі тең авторлары: барлық ЕО елдері, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Әзербайжан, Бахрейн, Канада, Мексика, Колумбия, Эквадор, Уругвай, Сингапур, Жапония, Непал, Түркия және т. б. елдер.

Қазақстан бастамашылық еткен қарар мүше-мемлекеттердің АЭХА-дағы қызметіне қатысты неғұрлым әділ және демократиялық тәсілдерді қамтамасыз етуіне негіз береді. Қазақстан Агенттікте егеменді теңдікті қалпына келтіру бойынша күш-жігер шеңберінде АЭХА тарихында алғаш рет өңірлік топтарға кірмейтін 17 мемлекеттің тізімін дайындады. Бұл тізім Агенттіктің 2023 жылғы 10 тамыздағы ресми құжатымен бекітілді және Словенияның төрағалығымен құрылып жатқан «Достар тобы» (Group of Friends of Arealess Member States) шеңберінде одан әрі жұмысты құруға негіз ретінде Бас конференцияның қарарына енгізілді.

АЭХА Бас конференциясының қарары мүше-мемлекеттерді Басқарушылар Кеңесі қатысушыларының құрамын кеңейту және географиялық өңірлер бойынша мүшелер тізімін қабылдауды көздейтін Агенттік жарғысының 6-бабына түзетуді тезірек ратификациялауға шақырады. Қазақстан бұл түзетуді 2019 жылы ратификациялады.

Қабылданған қарар мүше-мемлекеттердің өңірлік топтарда, негізгі директивалық органдарда, сондай-ақ Агенттіктің тиісті консультативтік процестерінде тең өкілдік етуінің бұрыннан келе жатқан проблемасын қайта көтеруге алғашқы практикалық қадам болды.

Берік Арманов
Бөлісу: