Қазақ жерінде алғашқы радио қашан пайда болды?

1 Қазан, 12:04 1140

2021 жылғы 13 тамызда Қазақ радиосының 100 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қазан күнін Радио қызметкерлерінің күні деп жариялаған еді. Содан бері 4 жыл қатарынан радио қызметкерлері өзінің кәсіби мерекелерін тойлап келеді.

Бұл дата жайдан-жай таңдалмады. Себебі Қазақстандағы ең алғашқы радиохабар тарату 1921 жылдың 1 қазанынан бастауын алады. Қазақстандағы алғашқы радиохабар Орынбор қаласында эфирге шықты. Радио хабарлары бастапқыда телеграф сымдары арқылы беріліп, қамту аймағы өте шектеулі болатын. Радионың сол кездегі мақсаты қоғамды саяси және мәдени ақпаратпен қамтамасыз ету болған еді. 

Радио қоғам дамуында, патриотизм қалыптасуында және өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолында сүбелі үлес қосты. Жылдар бойы радио ең сенімді ақпарат көзі ретінде танылып, көліктегі жолаушыларды мәдени және танымдық жағынан байыту функциясын атқарып келді. Осыған орай, El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Қазақстандағы радионың тарихына, қалыптасуына, бүгінгі жағдайына және болашағына тоқталып өтті.

Технологиялар қарыштап дамыған заманда радио өзектілігін жоғалтпай, өз миссиясын әлі де сенімді әрі сапалы түрде атқарып келеді.

Ол миллиондаған жолаушыға - жолсерік. Ұйқыны шайдай ашып, жақсы көңіл-күй сыйлайтын – медиа құралы. Радио жарнама берушілердің арасында да үлкен сұранысқа ие.

Тізбектей берсең, артықшылықтары жетіп артылады.

Радио – адамзат тарихында ақпарат тарату мен байланыс саласында революциялық өзгерістер әкелген маңызды құралдардың бірі. Қазақстанда радионың қалыптасуы мен дамуы ұлттық мәдениет пен ақпараттық кеңістіктің ажырамас бөлігі болып табылады. Ал Радио қызметкерлерінің күнін бекіту өткенді еске алу ғана емес, еліміздің ақпараттық дамуындағы маңызды кезеңдерді атап өту мүмкіндігіне саяды.

Қазақстандағы радионың дамуы елдің қоғамдық, мәдени және саяси тарихымен тығыз байланысты.

Қазақстандағы радионың қалыптасуы

Қазақстанда радионың пайда болуы мен дамуы Кеңес Одағы кезеңіне тұспа-тұс келді. 1921 жылы 1 қазанда сол кездегі Қазақ АССР-інің астанасы Орынбор қаласында алғаш рет радио хабарлары тарала бастады. Бұл күн Қазақстанда радионың ресми туған күні болып саналады. Алғашқы хабарлар Қызылорда мен Қостанай арасында жүргізілген радиоэфирден тұратын еді.

Сол кездегі радиохабар тарату екі негізгі функцияны атқарды: ақпараттық және мәдени-ағартушылық.

Ал қазақ радиожурналистикасының даму бағыттары 3 кезеңге бөлінеді:

1.1917-1918 қазақ тілінің эфирден естілуі. Ең бірінші радио станция Форт-Шевченко қаласында жұмыс істеді.

2.1921 жылы қазақ тілінде хабарлар беріле бастады.

3.1931 жылы Қазақстандағы ең алғашқы радио комитеті ашылды. Алғашқы комитеттің төрағасы Айтбай Хангелдин болған.

1931 жылы Алматыда алғаш рет радио хабарлары эфирге шығып, хабар тарататын жаңа студиялар ашылды. Сол кезде бұл студиялар негізгі ақпарат көздерінің бірі ретінде танылып, халыққа білім беру, мәдени-ағартушылық және жаңалықтар тарату жұмысына белсенді кірісті. Радио қалалардан ауылдық жерлерге де тарала бастады. Осылайша, ауыл халқын ақпаратпен қамтамасыз етудің жаңа кезеңі басталды. 1940 жылдардың соңына қарай, елдегі радионың ауқымы кеңейіп, Ұлы Отан соғысы кезінде халықты жаңалықтармен, майдан хабарларымен қамтамасыз ету маңызды рөл атқарды.

Кеңес Одағы кезеңіндегі радионың дамуы

Кеңес дәуірінде радио мемлекет қолындағы басты ақпараттық және идеологиялық құрал болды. Радио арқылы социалистік құндылықтар насихатталып, үгіт-насихат жүргізілді. Саяси науқандарды қолдау және ұйымдастыруда да маңызды рөл атқарды. Бұл кезеңде радио арқылы елдегі саяси ахуал мен әлеуметтік-экономикалық өзгерістер туралы кеңінен ақпарат берілді. Алайда радио саяси хабарлармен шектелмей, мәдени-ағартушылық бағыттағы бағдарламалар, музыка, әдебиет оқулары, драмалық қойылымдарды да беріп отырды.

1960 жылдары республикалық радиостанциялардан хабар тарату күрт дамып, қазақ тіліндегі бағдарламалар саны артты. Радио ауылдық жерлерде аса танымал болды.  Бұл, өз кезегінде, ақпаратты жылдам әрі кең таратудың таптырмас әдісі еді.

1941-1945 жылдар аралығында Ұлы Отан соғысы кезінде радионың қоғамдық рөлі артты. Радио арқылы соғыс алаңынан жаңа хабарлар, майдан жаңалықтары таралып, халыққа рухани демеу берілді. Соғыс жылдары радио байланысы тек ел ішіндегі ақпараттармен шектелмей, шет елдерге де ақпарат таратты.

Соғыстан кейінгі кезеңде радио ауылдық жерлерге кеңінен таралып, қарапайым халықтың білім алу, мәдени және ағартушылық бағытта дамуына көмектесті. Радионың кеңеюі, радиоаппаратураның жетілуі, жергілікті радиостанциялардың ашылуы ақпарат таратудағы мүмкіндіктерді арттырды. Сол кезеңде қазақ тіліндегі бағдарламалар көбейіп, ұлттық тілдегі хабарлардың сапасы мен мазмұны жақсара түсті.

Тәуелсіздік кезеңіндегі радионың жаңғыруы

1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздік алуы радионың жаңа кезеңіне леп берді. Мемлекет өзінің ақпараттық кеңістігін құрып, бұрынғы идеологиялық қысымнан босап шықты. Ол өзінің ақпараттық саясатын қалыптастырып, отандық радиохабар тарату жүйесін жетілдіруді бастады. Қазақ радиосы ұлттық ақпарат тарату құралдарының бірі ретінде өзінің рөлін нығайтты. Тәуелсіздік жылдарында радионың рөлі ақпараттық тәуелсіздік пен мәдени ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда маңызды болды. Қазақ тілінде ғана емес, басқа да тілдерде жаңа радиостанциялар пайда болды. Бұл еліміздің этникалық және мәдени әртүрлілігін көрсетті.

Тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген жаңа радиостанция пайда болды. Солардың қатарында «Шалқар» ұлттық радиосын ерекше атауға болады. Бұл радио қазақ тілінде хабар таратып, ұлттық құндылықтарды, мәдениетті насихаттаумен айналысады. Радионың жаңғыруы техникалық тұрғыда ғана емес, мазмұндық жағынан да жүзеге асты. Жеке радиостанциялар мен коммерциялық хабар тарату нарығында орнығып, радио саласының бәсекеге қабілеттілігін арттырды.

1990 жылдары нарықтық экономикаға көшу радио саласына да әсерін тигізді. Коммерциялық радиостанциялар пайда болып, олардың кейбірі музыкалық бағдарламаларға, басқалары ақпараттық-сараптамалық хабарларға басымдық берді. Радиостанциялардың саны артып, олардың бағыты мен мақсаттары да түрлене бастады. Мәселен, «Шалқар» радиосы ұлттық мәдениет пен дәстүрді насихаттаумен айналысса, «Европа плюс Казахстан» сияқты радиостанциялар заманауи музыкалық және көңіл көтеру бағдарламаларын тыңдармандарына  ұсынды.

Радионың қазіргі жағдайы

Бүгінде Қазақстанда радио саласы үлкен өзгерістерге ұшырады. Дәстүрлі радио әлі де өз өзектілігін жоғалтпады. Жаңа технологиялардың пайда болуымен интернет-радио, подкасттар сияқты заманауи форматтар танымалдылыққа ие болуда. Радиода қазіргі форматтары арқылы халықты ақпараттандырумен қатар, жаңа мазмұндық мүмкіндіктер де туындады.

Бүгінгі таңда радио әлі де маңызды ақпараттық және мәдени құрал болып табылады. Дегенмен, заманауи технологиялардың дамуы радионың кейбір дәстүрлі қызметтерін өзгертуге мәжбүр етті. Интернет пен мобильді құрылғылардың кең таралуы радионы тыңдау форматтарын өзгертті. Қазіргі кезде интернет-радио, подкасттар және стримингтік қызметтер радио саласына жаңа мүмкіндіктер алып келді. Бұл жаңа форматтар радиоға аудиториясын кеңейтуге, әрі заманауи қажеттіліктерге сай болуға мүмкіндік береді.

Қазақстандағы ең танымал радиостанциялар қатарына «Қазақ радиосы», «Шалқар», «Европа плюс Казахстан», «Ретро FM» және «Русское радио» жатқызуға болады.  Бұл радиостанциялар әртүрлі аудиторияларға бағытталып, түрлі жанрларда хабар таратады. Сондай-ақ, цифрлық технологиялардың дамуы арқылы радионың қолжетімділігі де артты. Бүгінде радионы интернет арқылы тыңдау мүмкіндігі бар. Бұл шекарасыз ақпарат таратуға жол ашты десек болады.

2023 жылдың қазан айында эстранданың танымал жұлдызы Мейрамбек Беспаев «Аспан FM» радиосын ашқан еді. Радио «98.9» әуе толқынында шығады. Әнші радио ашу бала арманы болғанын жасырмады. Атауын «Аспан FM» деп Қалқаман Сарин қойыпты деседі.

Қазақстандағы ең танымал радиостанциялардың бірі – «Қазақ радиосы». Ол 1921 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ең ескі радиостанция болып саналады. Радиостанцияның басты мақсаты – ұлттық мәдениетті сақтау, қазақ тілін дамыту және ақпараттық ағартушылық бағыттағы хабарлар тарату.

Көптеген коммерциялық радиостанция жастар мен қалалық аудиторияға арналған музыкалық және ойын-сауықтық бағдарламаларға басымдық береді. Олардың қатарында «Ретро FM», «Русское радио», «Жұлдыз FM», «Тенгри FM» сияқты радиостанциялар бар. Бұл радиостанциялар түрлі музыкалық жанрларды қамтып, түрлі аудиториялардың қызығушылығын қанағаттандырады.

Радио ғасыр жасап, қоғамдық мәнін жойған жоқ!

Радиожурналист Гүлнұр Омарханқызы «радиотелеграф негізінде пайда болған радио ғасыр жасап, қоғамдық мәнін жойған жоқ» деп отыр. Ол медиакеңістікте өз орны бар радио ісі ҒМ желісінде цифрлық техникалар арқылы жанданып келетініне сенім білдірді.

Өте жедел хабар тарата алатын радиоарна Garden саябағында ойнап тұр. Яғни, бүкіл әлемге үні жетеді. Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосының эфирлік студиялары заманауи техникалармен жабдықталған. Әлеуметтік желіде интернет көмегімен бейнекамера арқылы тікелей хабар тарата алады. Радиоарнада қызмет ететін журналист таспа хабар мен тікелей эфирді ұйымдастырғанда ұжымдық жұмысты бір өзі атқарады. Яғни, өзі редактор, өзі жүргізуші, өзі сценарист, өзі монтажёр, өзі режиссёр, өзі продюсер т.б. Осынша еңбектің  күші  ҒМ желісінде сезілмейді, бірақ  арқалаған жүгі ауыр, жауапкершілігі мол. Радио - руханияттың асыл қазынасы, идеологияның басты құралы. Ондағы сан алуан тақырыптар, өзекті ойлар, салиқалы сөздер, парасатты пайымдар тыңдарманын тереңдікке жетелейді. Әр тыңдаушының шынайы жанашыр досы десек болады, - деді радиожурналист.

Ақпарат саласының үздігі: «Бір әттегенайы, ғасырлық ғұмыры, мол қазынасы болса да, масс-медиа саласында үнемі екінші орында. Аса қадірі жоқ»,-деп ашынды.

Қалыптасқан мектебі бар, сол бұлақтан нәр алған тәжірибелі мамандарына да құрмет болса дейсің. Өз биігінде, өз деңгейінде ерен еңбекті бағалау мәдениеті қалыптасса дейсің. Бәлкім, радио енді бір ғасыр жасағанда қалыптасатын болар...,-деді ол.

Гүлнұр Омарханқызы радиода қызмет етемін деген жас мамандарға өз ісін сүйіп, ыстық ықыласпен атқарса ғана тыңдарманның жүрегінен орын алады деген пікірде. Оның айтуынша, радиода оны сүйген адам ғана қызмет ете алады. Микрофон да жаны таза адамды жақын тартады, ұнатады.

Радио – өзінше бір әлем!

«ALQA» радиосының Бас редакторы Серік Сейітман Қазақстандағы радионың даму қарқыны жайлы ойын ортаға салды.

Заман жыл санап емес, сәт санап құбылуда. Кешегі мен бүгінгінің айырмасы жайлы сөз қозғау былай тұрсын, таңғы жаңалық – түсте тарих, кеште аңыз болатын дәуірде ғұмыр кешіп отырмыз. Тіпті ақпаратты ізіне түсіп қуа берсеңіз, екінші сөйлеміңізді жазып болам дегенше, бірінші сөйлеміңіз ескіріп қалатын кезеңдеміз. Дегенмен ғасырлар сүзгісінен өтіп, уақыт пен кеңістікке еркін бойлап, бізге жеткен атамұра құндылықтарымыз қашанда құнды қалпында сақталады. Қайда, қандай жағдайда болсақ та осы құндылықтарды темірқазық етуге мәжбүрміз. Онсыз елдігіміздің, теңдігіміздің бәрі бекер, -деді Серік Сейітман.

Ол ойының түйіні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Біз ұлттық журналистиканың бай шежіресін, тағылымды дәстүрін мақтан тұтамыз. Жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ зиялылары баспасөзге түгел атсалысты. Олар бұл салаға ағартушылық сипат берді. Аға буынның осы сара жолын лайықты жалғастыру қажет» деген пікірімен қабысатынын алға тартты. Бас редактор терең тарихымен мақтанатын кейбір арналардың өзі терең өзендей тұнып ағатын қастерлі қасиетінен ажырап бара жатқандай сезілетініне өкініш білдірді.

Кез-келген ақпарат құралына «Ұлтқа уақыт ағымында ағып бара жатқандар емес, жүзіп бара жатқандар қажет» дейтін берік ұстаным керек деп ойлаймын. Осы сөзді негізге алсақ, әркімнің пікірі әртүрлі болуы мүмкін. Сөзімізге емес, ісімізге үңілгеніңіз жөн болар. «ALQA» радиосының эфирі, оның әлеуметтік желілердегі парақшалары баршаға қолжетімді. Әрине, салалық тапсырыстардың ерекшелігі мен кейбір бағыттар бойынша мүмкіндіктердің шектеулілігі (мәселен, әлі толқыннан жиілік алмадық) болмаса, шама-шарқымызша талаптанып жатқан жайымыз бар, - деп түсіндірді ол.

«Радио журналистерін даярлауда қандай жағдайларды ескерген жөн?» деген сұрақ төңірегінде ой толғаған Серік Сейітман, қазір әмбебаптық алға озған заман деп сендірді. Ол әр маманның бесаспап болғаны жақсы деп отыр. Егер отандық радиожурналистиканың болашағын осы қағидамен байланыстырсақ, радио журналистерінің орфографиялық та, орфоэпиялық та сауаты жоғары болғаны абзал.

Жазу сауаттылығы дұрыс болып, сөйлеу мәдениеті мен дауыс бояуы кемшін тартып жатса (немесе керісінше), онда ол әмбебаптық талапқа сәйкес келмейді деген сөз. Ал Әнуарбек Байжанбаев аталарымыздың кезіндегідей эфирге тек кәсіби дикторлар шығуға тиіс десек, әмбебаптық қағидаты ол жүйеге жүрмейді. Мұндайда радиожурналистика екі бағытта өріс алып, жазушыға бөлек, айтушыға басқа талаптар қойылады,-деді ол.

Оның айтуынша, кейінгі кездері радиоға ет пен терінің арасындағы болмашы дүние немесе телеарнаның баласы деп қарау үрдісі белең алғандай. Бұл үрдіс түкпілікті дұрыс емес. Радио – өзінше бір әлем. Бұл әлемге шынайы махаббатпен, іңкәр сезіммен, аппақ армен ену керек. Серік Сейітман осындай пікірде.

Шерхан ағамыздың сөзімен айтсақ, «ALQA»-ның қазірше «Бір кем дүниесі» әуе толқынында жиілігінің болмауы боп тұр. Оны шешу - жоспардағы дүние. Бірақ басқа көрсеткіштер бойынша көпшіліктен көш ілгеріміз десек, өтірік болмас. Жақында академик Әділ Ахмет ағамызбен сұхбат құрдық. Қадамымызды қадағалап отырады екен. Сіздер радио емес, телерадио кешенісіздер деп ықылас танытты. Жұмысымызға айтылған осы мәндегі оң пікірлер ел арасында жиі ұшырасады. Мұндай баға бізге шабыт береді. Сыннан сабақ алуға да сабырмен қараймыз. Бізді www.alqaradio.kz сайтынан тыңдап, бағдарламаларымыздың бейненұсқасын «ALQA radiosy» youtube арнасынан көре аласыздар. Сайтымызға біз туралы мәліметтер мен басқа да төл жобаларымыз жүктелген. Әлеуметтік желінің 5 түрінде ресми парақшаларымыз ашылған, - деді ол.

«ALQA» радиосының басқа радиолардан ерекшелігі жайлы айтып өткен ол, «Алаш қайраткерлерінің арманын арқалаған аты да, Қазақ халқының төл мәдениетін дәріптеген заты да - ерекше» деп отыр. 

Радионың болашағы

Радионың болашағы жаңа технологиялармен тығыз байланысты. Цифрлық трансформация дәуірінде радио да цифрлық форматқа ауысып, заманауи ақпарат тарату әдістеріне бейімделуі тиіс. Онлайн платформалар, әлеуметтік желілер арқылы радио тыңдау аудиториясын кеңейтеді. Сонымен қатар, подкастингтің танымал болуы радиожурналистиканың жаңа форматтарын дамытуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, радионы дамытуда контенттің сапасы, тілдің қолжетімділігі және тыңдарманның қажеттіліктеріне бейімделу басты назарда болуы керек. Радионың басты артықшылығы – оның мобильділігі мен қолжетімділігі. Радио кез келген уақытта тыңдарманға қажетті ақпаратты жедел жеткізе алады, сондықтан оның маңызы алдағы уақытта да жоғары болып қала береді.

Сонда да Қазақстандағы радионың болашағы бұл тек жаңа технологияларды игерумен ғана шектелмейді. Радио ұлттық мәдениетті, тіл мен дәстүрді сақтап, жаңа буынға жеткізу құралы ретінде де өзінің маңызын жоғалтпайды. Радионың танымалдылығы қазіргі уақытта тек үлкен қалалармен шектелмей, ауылдық аймақтарда да өзектілігін сақтап келеді.

Қазақстандағы Радио күні – бұл еліміздің ақпараттық кеңістігі мен мәдени мұрасындағы маңызды күндердің бірі. Радионың тарихы ХХ ғасырдан басталып, бүгінгі күнге дейін үздіксіз дамып келеді. Радионың тарихы Қазақстанның жалпы даму тарихымен тығыз байланысты және ол ақпарат тарату мен мәдени құндылықтарды жеткізудің ең маңызды құралдарының бірі болып қала береді. Радионың болашағы цифрлық және инновациялық технологиялармен тығыз байланысты. Десе де, оның ұлттық дәстүрлер мен мәдениетті сақтау жолындағы рөлі де маңызды болмақ. Радионың тарихы ХХ ғасырдан басталып, бүгінгі күнге дейін үздіксіз дамып келеді. Радио – тек ақпарат таратудың құралы емес, сонымен қатар ұлттық мәдениетті сақтау және дамыту, қоғамды ағартудағы негізгі құралдардың бірі. Технологиялық даму мен цифрлық трансформация дәуірінде радионың болашағы зор, ол заманауи сұраныстарға жауап бере отырып, өзінің рөлін сақтап қалары сөзсіз.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: