"Қазақ тілінен тест тапсыру, құжат дайындау". Шенеуніктердің жұмысын бағалау тәртібі өзгереді

14 Сәуір 2023, 17:00 1020

Мемлекеттік қызмет саласының негізгі жұмыс тілі – мемлекеттік тіл болады. Бұл туралы  "Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы" Үкімет қаулысында жазылған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тұжырымдаманы жүзеге асыру барысында мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін білуін міндеттейтін талаптар әзірленеді. Осы талап арқылы мемлекеттік қызмет саласының негізгі жұмыс тілі – мемлекеттік тіл болады.

Жобада қазіргі қоғамның талаптарына сәйкес мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілді еркін меңгеруі тиіс екендігі атап көрсетілген.

«Тіл туралы» Заңның 9-бабында «Мемлекеттік органдардың актілері мемлекеттік тілде әзірленіп қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкіндігінше, басқа тілдерге аударылуы қамтамасыз етіле отырып, оларды әзірлеу орыс тілінде жүргізілуі мүмкін» делінген. Дегенмен басым көпшілік мемлекеттік органдардың актілері орыс тілінде әзірленеді. Соның нәтижесінде осы бап бойынша мемлекеттік тілге берілген басымдық өз деңгейінде жүзеге асырылмайды. Оның орнына екінші позициядағы: «орыс тілінде жүргізілуі мүмкін» деген сөз тіркесіне басымдық берілуде. Сол себепті бұл бап орындалмауда, - делінген жобада.

Қазіргі қоғамның талабына сәйкес – мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілді еркін меңгеруі керек. Мемлекеттік қызметшілердің жұмысының тиімділігін бағалауды есептеу рейтингісіне мемлекеттік тілде құжат дайындау өлшемшартын енгізу мәселесі қарастырылады.

Бұл өз кезегінде мемлекеттік тілдегі құжатайналымның үлесін арттыруға ықпал етеді. «Халықпен кездесу» индикаторын жүзеге асыру мақсатында әзірленген Мемлекеттік органдардың ашықтық дәрежесін бағалау әдістемесіне сәйкес орталық мемлекеттік органдардың басшылары есеп беру барысында, әсіресе шалғай елді мекендерге барғанда, мемлекеттік тілде халықпен сұхбаттасу алаңдарында баяндама жасау кезінде мемлекеттік тілге басымдық беріледі. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметшілердің жұмыс барысында мемлекеттік тілді қолдануына және жетік меңгеруіне ықпал етеді, ынталандырады, - делінген Үкімет қаулысының жобасында.

Мемлекеттік қызметшілер мен қызмет көрсету органдарына және басқа қызметкерлерге жұмысқа орналасу барысында «ҚАЗТЕСТ» жүйесі арқылы тест тапсыру заңнамалық тұрғыда міндеттелмеген. Бірақ алдағы уақытта шенеуніктер де бұл тестті тапсыруы тиіс.

Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда қызмет ететін сала мамандарының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау мақсатында «ҚАЗТЕСТ» сертификатын міндеттейтін нормаларды енгізу пысықталатын болады, - деп жазылған тұжырымдама.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: